Президент: Конституциялық құндылықтарды заман талабына сай жаңғырту маңызды

8

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы Конституцияның тарихи маңызына жоғары баға берді. Президенттің айтуынша, еліміздің соңғы 30 жылда қол жеткізген барлық жетістіктерінің негізінде Ата Заң тұр. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің нәтижесі.

«Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды.

Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды.

Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас.

Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды», – деді Президент.