Президент: Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті – батыл, күмәнсіз шешімдер қабылдау

4

0

Фото: Ақорда

10 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиында 2025 жылғы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сарапқа түсіп, алдағы мақсат-міндеттер нақтыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.

– Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Біз ел тағ­дырына әсер ететін ауқымды өзге­рістерді жүзеге асырып жа­тырмыз. Қызыл­ордада өткен Ұлттық құрылтай оты­рысында консти­ту­циялық рефор­маның маңызды тұс­тары туралы айтқанымды білесіздер. Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Консти­туциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғы­сынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел маман­дары жоқ.

Жалпы, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін біл­діруге толық мүмкіндік берілді. Сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті. Комиссия өтініштің бәрін мұ­қият қарап, қорытып, тиісті түзе­ту­лерді әзірледі. Конституциялық комис­­­­сия­ның жұмысы барынша ашық жүр­гізілді. Мұны айтып өту өте маңыз­ды. Себебі еліміздегі рефор­малар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсы­нылмаған, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформалар кеңінен қолданылды. Консти­туция­лық реформаға байланысты аза­маттармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құры­лысының айқын көрінісі.

Осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өткен.  Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ па­йымға келген. «Ата Заңға жекеле­ген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қа­был­даған жөн» деген байлам жа­салып, осының негі­зінде қаңтар айында жаңа Консти­ту­ция­ның алғаш­қы нұс­қасы жарияланды.

– Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын. Аза­маттарымыз Конституция жоба­сының түрлі бап­тарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағ­дарымда көрсетілген негізгі міндет­тердің бірі.

Еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашық­пыз» қағидаттары өте маңызды. Сол арқылы қоғамдық диалогтің дамуына, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылады. Қазірдің өзінде бір нәрсені күмәнсіз айтуға болады: жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсы­нылып отыр. Бұл құжат мем­лекетіміз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бір­ізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкімет» тұжы­рым­да­­масына негізделеді. Соңғы жыл­­­дардағы саяси реформаларға кеңі­нен қарасақ, Қазақстан супер­прези­­денттік билік формасынан түбе­гейлі бас тартып, беделді әрі ық­палды Парламенті бар президенттік респуб­лика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отыр­ған өзгеріс­тер – осы үдерістің заңды жалғасы. Соңғы жыл­дардағы саяси жаңғыр­тулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мемлеке­ті­міздің консти­туциялық не­гізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді.

Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалып­тастыру деген сөз. Ұсынылған түзету­лер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйе­сіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси инсти­туттардың тиімділігі мен орнық­ты­лығын жақ­сартуға мүмкіндік береді.

Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осы тұста ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы – бір, бұл – адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қор­ғау екенін шегелеп айтты. Шын мә­нінде, бұл – жалаң сөз емес. Адам құқы­ғының қорғалуына кепілдік бере­тін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалып­тасуда.

– Мысалы, адвокаттардың ұсыны­сымен Ата Заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды. Жаңа Конс­титуция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мем­ле­кеттің зайырлы сипаты да нақ­тылана түсті. Ал «Неке – еркек пен әйел­дің ерікті және теңқұқылы бір­лестігі, яғни одағы» деген тұжы­рым арқылы қоғам­дағы дәстүрлі құн­ды­лықтарды сақтап қалу мақсаты көз­делді. Конституция жоба­сында таби­ғатты қорғау мәсе­лесіне де назар аударылды. Меніңше, бұл – өте маңызды нәрсе.

Түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керек деп санаймын. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот ше­шімінсіз жол берілмейді деп то­лықтырған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Консти­туциялық комиссия мүше­лерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын. Тұтастай алғанда, Негізгі Заң жобасында Қазақстанның қар­қынды дамуына, ұлтымыздың ұйы­суына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған, – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа Конституция жобасында Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтары мүлтіксіз сақталатыны сияқты негізгі қағидаттар нақты көр­сетілген. Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалды. Тәуелсіздік, егемендік және аумақтық тұтастық мызғымас құндылықтар болып қала береді және еліміздің унитарлығы, жерінің тұтастығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейді деген аса маңызды сөздер бар. Ата Заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі. Бас құжатта жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы нақты жазылады. Осындай дәйекті мысалдар келтірген Президент бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституция жобасын шын мәнінде озық, яғни түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы сарапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар екенін, онда конституциялық құры­лысқа қатысты әлемдегі үздік тәжіри­белер көрініс тауып, адам құқықтары және ұлттық мүддеміз толық қорғалғанын жеткізді.

– Әрине, қазіргі Консти­туция­мыз­дың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Соңғы 30 жылда жет­кен барлық жетістігіміздің бас­тауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбе­гінің арқасы.

Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды. Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды. Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, техноло­гиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті зор сілкініс әкелді десек, қате болмас. Сондықтан еліміздің мақсат-мін­деттерін, құндылықтары мен қағидат­тарын заман талабына сай, консти­туциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды.

Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес. Бұл өзгерістердің басты мақ­саты – жаңа тарихи дәуірде мемле­кеттің негіздерін түбегейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту. Жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді сақтай отырып, эволюциялық, яғни табиғи жолмен дамып келеміз. Бұл – өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы осы ретте жаңа Конституция Қазақстанды тың қар­қын­мен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашатынына сенім білдіріп, Ата Заңға қатысты түп­кілікті шешім жалпыұлттық рефе­рендумда қабылданатынын айтты.

– Біздің басты мақсатымыз – қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық және ха­лық­­аралық әлеуетін арттыру. Сарап­шылар әлем экономикасының өсімі баяулап, халықаралық сауда қар­қыны әлсірейді деген болжам жасауда. Дамушы елдерге салынатын жаһан­дық инвес­тиция көлемі азайып ба­рады. Қаржы саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бүгінде көптеген ел өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Мем­лекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең алды. Жаһандану үдерісі кері сипат ала бастады. Мұның бәрі әлемдегі геосаяси ахуалды өзгертіп жатыр. Бірақ негізгі әрі шешуші оқиғалар әлі алда.

Дүние жүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болуда. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін біз осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі. Бұрынғы тәсілдер қазір тиімсіз болып қалғанын көріп отырмыз. Озық мемлекеттер әлем экономикасын дамытудың жаңа үлгісін әзірлеуге кірісіп кетті. Біз де бұл үдерістен шет қалмауымыз керек, – деді Президент.

«Ұлт мүддесін қорғау үшін эконо­миканы нығайтуға және дамытуға арналған нақты жоспар болуға тиіс». Осылай деген Мемлекет басшысы дүние жүзіндегі экономикалық ахуал­ға қарамастан, былтыр эко­номикамыз 6,5 пайызға өскенін атап өтті. Біздің миссиямыз – айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқа­тын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс. Басқаша айтқанда, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет.

– Аталған мақсатқа жету үшін бізге бұған дейінгі өсімді қанағат тұтпайтын, қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап беретін, басымдықтар егжей-тегжейлі ойластырылған эко­номикалық саясат қажет. Басқаша айт­қанда, бізге тұрақты өсім моделі керек. Оған сәйкес, мемлекет на­рық­тық экономиканың страте­гиялық даму векторын нақты анықтап, қолда бар қаржы ресурстарын экономика­лық өсім әкелетін басты салаларға бағыт­тауы қажет. Мұндай тәсіл ұлттық табысты азаматтарымызға анағұрлым тиімді әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Ашығын айтқанда, мен бұл жа­йында күнде ойланамын, маман­дармен кеңесемін, арнайы эконо­микалық сараптамаларды оқимын. Экономикалық және қаржылық сая­сатты қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Үкіметтің таяу арадағы міндеті – өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту есебінен өсімді қамтамасыз ету, табысты ел игілігіне жұмсау.

Мұндай модельді тек инвестиция саясатын жандандыру, бизнестің мүддесін тұрақты қорғау арқылы құруға болады. Яғни бұл саясаттың түпкі нәтижесі халық табысын арттыру, экономикалық дербестікті нығайту болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы айтқандай, Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешетін бірқатар міндет бар. Атап айт­­қанда, тұрақты әрі қалыпты инфля­ция көрсеткішін және мемлекет қар­жысының теңгерімділігін қамта­масыз ету, сондай-ақ былтырғы Жол­дауда жарияланған жаңа инвес­тиция­лық кезеңді толығымен жүзеге асыру.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу көмекші қызмет атқарумен шектелмей, экономикалық дамудың басты арқауы болуы керек. ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар басты міндеттерін орындау қажет. Бұл – еңбек өнімділігін арттыру, эконо­ми­каның экспортқа бағдарланған сектор­ларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру.

Жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру еліміздің индустрия, энергетика, көлік салаларындағы заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идео­логия­ның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс. Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет.

Бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге жету үшін жұмыс істеуі керек және оның игілігін бүкіл қоғам көруге тиіс. Осы ретте Президент қазіргі таң­дағы аса өзекті мәселелерге тоқталып өтті.

– Бірінші. Инфляцияны ойға қоным­ды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр.

Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тап­сырамын. Осы маңызды жұмысқа бар­лық мекеме өкілдері мен сарапшы­лар қатысуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент екінші маңызды мәселе ретінде жаңа Салық кодексінің тиімді енгізілуін қамтамасыз ету керектігін айтты. Жаңа салық-бюджет саясаты теңгерімді сипат алып, экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағдарлануы қажет.

– Биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ынталандырады. Қазірдің өзінде алғашқы оң нәтижелерін көріп отырмыз. Экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады.

Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі. Жоспар, әлбетте, көңілге сенім ұялатады. Бірақ қайталап айтамын: белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды. Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн.

Жазалаушы менталитеттен арыла­тын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамыту­дың маңызын түсіну тұрғысынан ал­ғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын.

Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкі­меттің кейбір мүшелерімен әңгі­меден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне мәтінді, кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар. Бұл өте қауіпті. Сондықтан көп оқыңыздар, – деді Мемлекет басшысы.

Банктер, агрегаторлар мен маркет­плейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс. Осы­лай деген Президент мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналу міндеті жүктелгенін, барлық мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы екенін жеткізді.

– 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейткен жөн. Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. Ми­нистрліктер қабылдаған жаңа ере­желер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвес­тиция­лық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр.

Фискалдық саясаттың тиімді­лі­гіне, ең алдымен, бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәртібін қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге болады. Мем­лекеттің тиімсіз шығындарын барын­ша қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет. Біз бұл жайында бұған дейін айтқан болатынбыз, тағы қайталауға тура келіп тұр. Бұл – өте маңызды міндет. Мұны орындауды созбалаңға салмаңыздар. Бұл істе Қаржы және Экономика министр­ліктері қатаңдық пен табандылық, кәсібилік танытуы керек. Басым­дықтардың қайсысы бірінші, қайсысы кейін екенін нақты белгілеп алу қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартып, мемлекеттік инвестицияның тиімділігін басқару­ды күшейткеніміз дұрыс, бұл – маңызды міндет деп мәлімдеді. Жалпы, бюджетті асығыс игеру деген дұрыс емес. «Мұны кім шығарып жүр?» деп сауал тастады Президент және жылдың соңында бюджетті игеру керек деген жарыс баста­латынын, басқаша айтқанда, бұл қаржыны оңды-солды шашу екенін сынға алды.

– Үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін доғаратын кез келді. Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек. Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз.

Бюджет қаржысы азамат­тары­мызға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс. Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржы­лан­дырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылады. Бұл квазимемлекеттік секторға да қатысты.

Мен Жолдауда бұл мәселе туралы айттым: бюджеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін, яғни қаржының қайда, қалай және не үшін жұмсалып жатқаны айқын болуы үшін цифрлық теңгені белсенді пайдалану қажет. Қазіргі таңда бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу жүйе­сінде, субсидиялау кезінде, сондай-ақ Ұлттық қордан ірі жобаларға қаражат бөлу барысында тиімді қолданылып жүр. Бұл құралды басқа да салаларға енгізіп, аясын кеңейту керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы бір маңызды мәселе туралы айтты. Ендігі жерде аймақтардағы бюджет­тік жоспарлауды сапалы жүргізуге баса мән беру қажет. Соңғы жылдары аймақтардың кіріс қоры айтарлықтай артты, бірқатар салық пен төлем түрлері республикалық деңгейден аймаққа берілді. Соның салдарынан жеткілікті қаржы бөлмей, жергілікті бюджетке қосымша шығындарды артып қою жағдайлары жиілеп кет­кен. Мұндай тәжірибе бюджетаралық қатынастардың қисынына қайшы әрі қабылданып жатқан шешімдерге сенімді жоғалтады. Сондықтан жер­гілікті атқарушы органдарға берілетін қаржы ресурстары мен олардың міндеттемелері бір-бірімен мөлшерлес болуын ескеру өте маңызды. Егер біліктеріңіз жетсе, мұны орындау аса қиын емес деп келтірді Президент.

– Қазақстан – бір орталықтан бас­қарылатын унитарлы, біртұтас ел. Сол себепті еліміздің әлеуетін нығайтуды, халқымыздың әл-ауқатын арттыруды басты мақсат етіп, ақыл-парасатпен, бір қолдың саласындай жұмылып жұмыс істеу қажет.

Жаңа Бюджет кодексінде бюджет­аралық қатынастар нақтылық және барлық бюджет деңгейіндегі жауап­кершілік тұрғысынан қайта қаралды. Енді осы нормалар өңірлерде іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін байқап көру керек. Егер қолданыстағы құралдар тиімсіз екенін көрсетсе, оны түзету қажет. Түптің түбінде, бұл киелі кітап емес қой. Мұнда ешқандай күмән жоқ. Шешімді тез әрі батыл қабылдау қажет. Уақыттың талабы сондай.

Жаңа ережелер өңірлердің қар­жылық дербестігіне тұсау болмауға тиіс. Ең бастысы, олардың кіріс көздерін ұлғайтуға деген ынта-жігеріне кері әсер етпеуі керек. Мұның маңызы зор. Егер өңірлердің кіріс базасын ұлғайтуға кедергі келтірсек, оның салдары қиынға соғады. Осыны да ойлаңыздар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет аймақтардың қаржылық орнықтылығын нығайту шараларын қабылдауға міндетті. Бұл – стра­тегиялық сипаты бар мақсат. Басқару­дың түрлі деңгейі арасындағы жауап­кершілікке салғырт қарауға болмайды.

– Менің тапсырмаммен былтыр 2030 жылға дейін аймақтарды да­мытуға арналған тұжырымдама бекі­тілді. Басты мақсат – өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру.

Өткен жылғы даму қорытындысы туралы айтар болсақ, аймақтардың экономикасы тұрақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ шешімін таппаған мәсе­лелер бар. Аймақтардың инфрақұры­лыммен қамтылу деңгейі орташа есеппен алғанда – 64,1 пайыз. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі, айтар­лықтай алшақтық бар. Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыс­тардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфра­құрылым жеткіліксіз. Алматы облы­сында да ахуал мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет.

Аймақ басшылары экономиканы әртараптандыруға және азаматтардың табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Инфляцияны төмендету үшін тиімді шаралар қабылдап, сапалы инвестиция тартуы керек, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент үшінші кезекте цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керектігін, әрі бұл Қазақ­станның болашағына тікелей әсер ететінін айтты.

– Жаңа ғана бұл саланың еліміз үшін стратегиялық маңызы туралы айтып кеттім, баршаға түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге бол­майды. Әйтпесе, қолдағы мүмкіндіктен айырылып қаламыз.

Цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік ке­дергілерді еңсере аламыз. Басқару ісін­дегі тиімсіз шешімдерді барынша азай­туға болады. Жасанды интеллекті­ні толыққанды енгізу бүкіл цифр­лан­дыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек. Үкімет мұндай жобаларды то­лық әрі уақытылы қаржыландыру үшін негізгі басымдықтарды нақты бел­гілеп алуы қажет. Әйтпесе, ауқым­ды жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қояды. Алдымызда айқын бағдар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды.

Сонымен қатар тағы бір кемшілік көзге анық көрінеді. Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсы­рылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға «жаба салады». «Жаппай цифрландыру енгізілсе, Сіз көрсеткен олқылықтар мен кемшіліктер өздігінен жойылады» дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады.

Тағы бір маңызды мәселе. Сапалы цифрлық даму үдерісін жеке сектормен тығыз байланыста қараған жөн. Үкімет бизнес саласына цифрлық тәсілдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін арнайы қолдау шараларын әзірлеуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қазір мемлекет көрсететін қызмет­терді цифрландыру, мемлекеттік базаларды өзара кіріктіру жұмысы жүріп жатыр. Бірақ мұның бәрі мәліметтерді басқару ісінің сапасын жақсарта алмай отыр. Әзірге оң өзгерістер көрінбейді. Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мем­лекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды. Осылай деген Мемлекет басшысы Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырды.

– Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысынан ақау шығып жүр. Бұл қазіргі ІТ-тәсілдердің технологиялық жағынан ескіргенін және басқару сапасының төмендігін көрсетеді. Мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ тиімді цифрлық орта қалыптастыру жұмысын тежейді. Цифрлық өзгерістің бәрі QazTech платформасының негізінде жасалуға тиіс. Бүгін бұл мәселені біраз талқыладық.

Үкіметке бірыңғай цифрлық плат­формаға көшуге тура келеді. Бұл – маңызды міндет. Бұған дейін ведом­ство­лардың бәрі цифрлан­дырумен ешқандай бақылаусыз, өз бетінше айналысып келді. Бұл техникалық проб­лемаларды көбейтіп қоймай, қазына қаржысын оңды-солды шашуға әкеп соқты.

Бас прокуратурада өткен жиында Үкімет мүшелері шашыраңқы жүйе­лердің басын біріктіруге қанша қаржы қажет екенін жария етті. Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұмсалуы мүм­кін емес. Ел аузында жүрген бір құрылысшы-шенеунік айтқандай, ақшасы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қажет. Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығын­дамай, тапсырманы орын­даудың жоспарын ұсынуға тиіс. Пробле­маны қолдан жасап, оны шешу үшін мемлекеттен ауқымды инвес­тиция бөлеміз. Бұлай болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, цифрлық трансформация кезеңінде, ең алдымен, жеке адамның мүддесіне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керек. Дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қыл­мыс құралы ретінде пайдалану – мұның бәрі біздің елде де, шетелде де қалыпты жағдайға айналған.

– Біз Қаржылық мониторинг агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарын жұмылдырып, кибер­қылмыспен және алаяқтықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдап жатыр­мыз. Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды. Үкіметке тиісті меке­мелермен бірге киберқауіпсіздікті қам­та­масыз ету және азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралап, қарауды тап­сырамын. Бұдан бөлек, жақында Ұлттық құрылтайда атап өткенімдей, цифрлық дербес деректерді қорғау мәселесі конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалуы керек.

Әлеуметтік саланы цифрландыру мәселесі де өте маңызды. Былтыр республикалық бюджеттің 40 пайызға жуығы осы салаға бөлінді. Бірақ бұл қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды деген орынды сұрақ туындайды. Сондықтан Үкімет үй шаруашы­лықтарының әлеуметтік цифрлық про­филін қалыптастыруға тиіс. Сонда әлеуметтік көмек те шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға беріледі. Қаржылай төлемақыдан бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана немесе білім алуға берілетін ваучерлерге дейінгі қолдаудың барлық түрі банк және төлем инфрақұрылымымен ты­ғыз байланысқан «Әлеуметтік әмиян» арқылы берілуге тиіс. Үкімет әкім­діктермен бірге осы тәжірибені барлық жерде кеңінен қолдануы керек. Сондай-ақ бұл тәсілді жыл соңына дейін тездетіп іске қосуы қажет.

Менің байқауымша, Үкімет отан­дық Aitu мессенджеріне тиісті деңгей­де көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемле­кеттік қызметкерлер де пайда­ланбайды. EGov AI деп аталатын әмбебап жасанды интеллект-көмек­шісін (ассис­тентін) әзірлеу керек. Барлық азаматқа қолжетімді болатын осы жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басады. Әлеуметтік қолдау шараларын басқаратын инфрақұрылымды, яғни Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасын нақты айқындап алу қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы білім сала­сын­да да бірқатар жүйелік проблемалар бар екенін, оны Ұлттық құрылтай отырысында айтқанын жеткізді. Олар жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдауға да, мемлекеттің мектептер мен жоғары оқу орындарын қаржы­ландыру тетіктеріне де қатысты.

Білім саласындағы «экономиза­ция», яғни қаржыны текке шашпай, жүйелі жұмсау үдерісін жалғастырған жөн. Бұл ретте балабақшадан бастап университеттерге дейінгі барлық деңгейде мемлекеттік қаржылан­дыру­дың тиімділігін түбегейлі арттыруға баса мән беру қажет. Жаңа деректер анықталғаннан кейін бұл маңызды міндетке айналып отыр.

– Маман даярлау ісі экономиканың нақты секторларында жасанды интел­лекті мен жаңа технологияларды игеру қарқынына ілесе алмай отыр. Оқу бағдарламалары мен стандарттары жаңарып үлгергенше, мамандықтар өзгеріп кетіп жатыр. Демек жай ғана IT-мамандардың санын көбейту және жалпы цифрлық дағдыларды үйрету жеткіліксіз.

Елімізге жасанды интеллектіні кез келген салада қолдана білетін кәсіби мамандар қажет. Олар нақты жұмыс орындарындағы еңбек өнімділігін арттырады. Осыған орай Үкіметке же­текші компаниялармен бірлесіп, мем­лекет пен жеке серіктестік не­гізінде Ұлттық мамандықтар трансфор­мациясы орталығын құруды тапсы­рамын. Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс. Өйткені бизнес тезірек бейімделеді әрі нарық талап­тарын жақсы біледі. Өз кезегінде, Үкі­мет ережелерді айқындап, ашықтық пен сұранысты қамтамасыз етуге, тиімді шешімдерді жаппай таратуға көмектесе алады.

Денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйе­лерді бір-біріне толыққанды байла­ныстыруды бұған дейін қанша талап етсек те, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы.

Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасал­ғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тек­серіп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын. Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік меди­циналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырамын. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталған.

– Мен Ұлттық құрылтайдың оты­ры­сында осы мәселеге арнайы тоқ­талдым. Тағы да айтамын. Бас про­куратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекет­теріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет.

Білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекеттер бар болып шықты. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жазаға тарту керек. Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыруды тапсырамын. Сонда ғана жұмыс ашық жүргізіледі, ал қаржы тиімді жұмсалады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Электр қуаты тұрақты әрі жеткілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін болмайтыны анық. Бұл мәселе жөнінде Ұлттық құрыл­тай отырысында пікір кел­тіргенін айтып кетті.

– Еліміз электр энергиясының ішкі тапшылығын жою үшін оны жыл сайын импорттауға мәжбүр. Былтыр 3,7 миллиард киловатт-сағат энер­гияны сырттан алдық. Қуат көздері мен электр желілерінің әбден ескіруі де бұл саладағы ахуалды ушықтырып тұр.

Өткен үш жылда «Тарифті инвес­тицияға айырбастау» бағдар­ламасы аясында энергетика саласына 1 трил­лион теңгеден астам қаржы салынды. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі, яғни, 900 миллиард теңгеден астам қаржы жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Жаңа қуат көздерін іске қосуға 140 мил­лиард теңге ғана бөлінген. Бұл ұзақ уақыт бойы тұрақты энергожүйе­ні қамтамасыз етуге жетпейтіні анық. Электр қуаты жеткіліксіз болса, еліміз ойдағыдай дами алмайды. Осы ма­ңызды мәселені ескермей жоспар құру – еш қисынға келмейтін шаруа.

Энергетика министрлігінің бұ­рынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған сияқты, электр қуаты өндірісі екінші қатарда назардан тыс қалды. Енді бұл олқылықты тез арада түзетуіміз қажет. Қазіргі кезде Қа­зақстанда 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін мүлдем жеткіліксіз. Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосамыз деп жоспарлап отыр. Оның 5,9 гигаваты жаңартылатын қуат көздерінен алынбақ. Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуатына деген сұранысты толық өтеуді көздеп отыр. Тіпті, 1,3 миллиард киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін міндеттеменің бәрі уақытылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлі­нуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Президент бізде қуат көздерін іске қосу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыру әдетке айнал­ғанын да ескертіп өтті. Мысалы, Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту мерзімі бірнеше рет шегерілген. Жұмыс әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Сон­дықтан Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қам­тамасыз етуге тиіс. Бұлай соза беруге болмайды.

– Менің ойымша, мәселе – нағыз энергетика мамандарының бол­мауын­да. Энергетика саласындағы мәсе­лелермен «алып бара жатқан не бар дейсің?» деп, «азды-кем білімі бар, бірақ өзіне деген сенімі мол» кез келген адам айналысатын болды.

Мен Ұлттық құрылтай отырысында Үкіметке екі айдың ішінде «таза» көмір өндірісі бойынша Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырдым. Осы бағытта Қытайдың тәжірибесін ерекше атап көрсетуге болады. Олар «таза көмірден» жалпы көлемі 55 гигаватт болатын 85 энергетикалық блок салу жұмысын бастап кетті. Бұл – әлем бойынша көмірден алынатын энергия көздерінің 90 пайызы деген сөз. Бір сөзбен, көршілес ел шын мәнінде тиімді, яғни энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өсім тұрғысынан пайдалы шешім қабылдап отыр. АҚШ та көмір игеру және оны пайдалану саясатына көшетін болды. Жалпы, ұлттық электр желісінің сенімді жұмыс істеуіне баса назар аудару қажет.

Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Оңтүстіктегі электр желілерін дамыту жобаларын жүзеге асыру тапсырылады. Сондай-ақ Батыстағы қуат жүйесін еліміздің бірыңғай ұлт­тық энергия жүйесімен біріктіруге тиіс.

Заманауи цифрлық тәсілдерді енгізбесек, электр қуатын үнемдеу қиын, энергия жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі екіталай. Осы салада жасанды интеллект көмегімен онлайн-мониторинг жүргізуді жедел қолға алған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы төртінші мә­селе ретінде  толыққанды жаңа инвес­­ти­­циялық кезеңді бастауды ата­ды. Өйткені, бұл – стратегиялық маңызы бар міндет.

Елдегі инвестициялық ахуалды жақсы деп бағалап, 2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция кө­лемі 84 миллиард доллардан асқа­нын айтты. Негізгі капиталға салынған ин­вес­тиция шамамен 50 пайызға артты.

Бірақ былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр.

– Мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажет. Жеке капитал тартуға қолайлы жағдай жасау үшін біраз еңбектену қажет. Ал қаржыны қазынадан алып, оны инвестиция деп көрсете салу әлдеқайда оңай. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну қажет.

Бізге жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жеке бизнес айрықша рөл атқарады. Кәсіп­керлер экономикамызға сапалы инвес­тиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бәй­теректің» инвестициялық холдинг ре­тінде қайта құрылуының нақты себебі болғанына, оның нарықтық эконо­микаға серпін бергеніне, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шек­темеуге тиіс екеніне тоқталды.

– «Самұрық-Қазына» қорына да дәл осындай талап қойылады. «Самұрық-Қазына» қоры және бір­қатар ұлттық компания басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Менің ойымша, қосшыдан басшы көп. Бас­шылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, инфляция деңгейі тұрақталып, төмен­дегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болады. Даму инсти­туттары бизнеспен және қаржы сек­торымен тиімді қарым-қатынас орна­туы қажет. Бұл қатынас бәсе­келестікке емес, өзара серіктестікке негізделуі керек.

Елімізде инвесторлардың қызығу­шы­лығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн.

– Мысалы, қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзе­ге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвес­­тор­лары зор қызығушылық таны­тып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артық­шылықты тиімді пайда­ла­нуымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет.

Бірақ ашығын айтуымыз керек, инвесторлармен жұмыстың қазіргі тәсілдері сапалы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Қағазбастылық әлі көп, бір міндет бірнеше органға қатар жүктелген. Мен былтырғы Жолдауымда бұл мәселеге арнайы тоқталдым. Осындай тиімсіз жұмысты доғару қажет. Мекемелер арасында біртұтас әрі өзара келісілген байланыс жүйесін қалыптастыру керек.

Бір сөзбен, шешім қабылдау және үйлестіру жұмысы бір жерден жүзеге асырылуға тиіс. Шешім қабылдау үдерісін созуға болмайды, оны тездету керек. Инвестициялық штаб Роман Склярдың арқасында өз жұмысын жалпы тиімді атқарып отыр.

Көп нәрсе бірінші басшыға байла­нысты. Олар инвестициялық жоба­лардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жоба іске қосылғаннан кейін де инвесторға қолдау көрсете беру керек. Жұмыс барысына үнемі мониторинг жүргізіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу қажет.

Мен инвестициялар мәселесімен айналысатын арнайы көмекшіні тағайындадым. Шетелдік немесе отандық инвесторлардың сұрақтары болса, Мұрат Нұртілеуге «Focal point» ретінде шағымдануға болады. Ал халықаралық қаржы институттарымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – Президенттің кеңесшісі Әсет Ерғалиев байланыста болады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент өз сөзінде инвести­циялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі ретінде ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар жасауды ата­ды. Бірақ қазір елімізде мұндай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқтығын, оның үстіне, мемлекеттік органдардың сел­қостық танытқанын, соның салдары­нан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жат­қанын айтып, Үкімет пен Бәсекелестік­ті қорғау және дамыту агенттігіне осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында арнайы эконо­микалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттігін айтқан болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қытайда және Вьетнамдағы осындай аймақтар экономиканың қозғаушы күші болғанын мысалға келтірді.

– Ал біздің елдегі арнайы эконо­микалық аймақтардың тиімділігі әлі күнге дейін төмен. Бұл мекемелер экономиканың құрылымын өзгертуге қауқарсыз. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері арнайы экономикалық аймақтардың ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі 1 пайыздан сәл ғана асады. Оның 0,3 пайызы  экспортқа, 0,9 пайызы шетел инвестициясына тиесілі. Арнайы экономикалық аймақ­тардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады. Олар инвес­тиция тартатын алаң болуға тиіс. Жаңа нормалар, құралдар, сервистік ше­шімдер сол жерде сынақтан өтіп, одан әрі кең таралуы қажет. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі инфрақұрылымын дамытуға үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр. Алдымен олардың даму моделін қайта құру керек деп санаймын. Онсыз мұндай ауқымды инвестиция жүйедегі қордаланған мәселелерді шеше алмайды.

Түптеп келгенде, егер нақты нәти­жеге жетемін деген ниет болса, бұл мәселені Түркістан облысының бұ­рынғы әкімі Дархан Сатыбалды сияқты қолда бар қаржымен де шешуге бо­ла­ды. Астанада да жақсы тәжірибе бар.

Үкімет үш айдың ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент шетелге сапарлары және инвесторлармен кездесулері бары­сында қол жеткізілген келісім­дердің орындалуына баса мән беруді тапсырды. Коммерциялық келісім­дердің жалпы құны былтырдың өзінде шамамен 75 миллиард доллар болған. Жұмысты созбалаңға салу және қол қойылған келісімдерді орындамау деген мәселе болмауға тиіс. Бұл жұмысты орындауға Президент Әкімшілігі де жауапты.

– Ашығын айту керек, бізде мына­дай жағымсыз үрдіс пайда болды: жоғары басшылық деңгейіндегі келіс­сөздердің алдында өте белсенді жұмыс жүргізіледі, ал кейін тым-тырыс болып қалады. Мекемелер арасындағы бітпейтін өзара келісу әрекетін доғару керек. Үкімет мейлінше дербес болуды сұрады, дербестік берілді, енді іс жүзінде соны дұрыс қолдануы керек. Қол қойылған әрбір құжат алдын ала сапалы түрде дайындалып, орындалу мерзімдері нақты айқындалуы қажет. Жұмыстың нәтижесі үшін бірінші басшыларға жеке жауапкершілік жүктеледі.

Мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін толық орындауы керек. Елге сенім, іскерлік бедел осылай қалыптасады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкіметке еліміздің инвестициялық әлеуетін көтеруге, бәсекелік артық­шылықтарын дамытуға баса мән беру міндетін жүктеген Президент мемлекет пен жеке серіктестік экономикаға инвестицияның келуін ынталан­дыра­тын маңызды құралдың бірі екенін атап өтті. Бұл тетікті оңтайлы пайда­лану арқылы инвестициялық тәуекелді мемлекет пен бизнес арасында тиімді бөлуге мүмкіндік туады. Бірақ елі­міздегі мемлекет пен жеке серік­тестік әлеуеті дұрыс игерілмей отыр­ға­нына, инфрақұрылымдық жоба­лардың көбі бұрынғыдай тікелей бюд­жет қар­жысына тәуелділігіне, жеке капитал, банк секторы және ха­лық­­аралық қаржы ұйымдары оған айтар­лықтай атсалыспайтынына тоқталды.

Бюджеттің шектеулі мүмкіндігіне байланысты мұндай тәсіл көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөгет болып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, кез келген қаржы құралы сияқты мемлекет пен жеке серіктестіктің де өз құны бар. Ол өзін-өзі ақтаса, Үкімет аталған меха­низмді белсенді қолданғаны жөн. Қажет болса, заңнамаға да тиісті өзгеріс енгізуге болады.

Жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс. Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қалыптастыру қажет.

– Осы маңызды мәселе бойынша менің тапсырмаммен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды. Маған Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі бұған қарсылық танытқаны туралы баян­далды. Бұл Конституциялық заң қабылдауға мүмкіндік бермейді. Алайда менің төрағалығыммен өткен жиында мұндай пікір айтылмаған еді. Ойларыңызды сол кезде неге айт­падыңыздар? Егер сіздерде қан­дайда бір қауіп не қарсылық болса, маған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Жұмысты алға ілгерілету үшін тиісті тапсырма беремін. Бірақ, менің ойымша, бұл шындыққа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер түрлі конференцияларда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман.

Бұл – еліміз үшін бірегей жоба. Сондықтан Үкімет оның басы артық бюрократиясыз, кідіріссіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз етуі керек. Шэньчжэнь секілді қалаларды бар­шаңыз көрдіңіздер. Мен бұл қалаға 1988 жылы алғаш рет барған бола­тынмын. Ол кезде балықшылардың шағын ауылы еді. Қазір онда заманауи технологияның бәрі бар, 10 мил­лионнан аса адам тұрып жатыр. Қытай билігі жеңілдіктер беріп, тәуекелге бел буды. Дэн Сяопин «Батыл реформа жасаңыздар» деді. Бұл сөйлем қытай тілінде төрт иероглифтен ғана құралады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде жаңа инвес­тициялық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты екенін айтты. Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі болғанмен, бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып, 38 пайызды құраған. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты.

Банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет деген сөз талай рет айтылды. Бірақ сылтау таусылмайды.

Мемлекет басшысы банк жүйе­сіндегі алаяқтық әрекеттерді, ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылғанын, қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастағанын сынға алды. Олар осыны экономиканы қаржы­лан­дыруға  кедергі келтіріп отыр деп есептейді. Демек экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыдағы жұмысы маңызды екенін, Халықаралық валюта қорының кеңе­сіне құлақ асып, түрлі терми­нологияны оңды-сонды қолдануға аса көп ақыл­дың қажеті жоқтығын, аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру керектігін қайталап айтты.

– Әлемде банктермен қатар сақтандыру және құнды қағаздар нарығы ұзақ мерзімді капиталдың көзі саналады. Отандық қаржы жүйесіндегі сақтандыру секторының үлесі мардымсыз – 5 пайыз ғана. Мұндай жағдайды місе тұтуға болмайды.

Әңгіме цифрлық технологияларды пайдалану арқылы сақтандыру өнім­дерінің түрін көбейтіп, олардың қол­жетімділігін арттыру жөнінде болып отыр. Сақтандыру нарығын мемле­кеттің, азаматтар мен бизнестің ықти­мал тәуекелдерге ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратын маңыз­ды институт ретінде қарастырған жөн. Мұндай тәсілге көшу үшін дамыған елдердің үлгісіне сай міндетті сақтандыру түрлерін көбейту қажет. Банктер мен сақтандыру компаниялары ұзақ мерзімді қор жинауды күшейтсе, бұл құнды қағаздар нарығының дамуына тың серпін береді.

Құнды қағаздардың дамыған нарығы – макроэкономикалық тұрақ­тылықтың маңызды көрсеткіші. Ал оның ауқымы инвесторлардың сенім деңгейі қандай екенін білдіреді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді тап­сырамын. Оны тиімді іске асыру үшін сақтандыру және құнды қағаздар туралы жаңа заңдар қабылдау қажет деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан бесінші басымдық – жаңа инвес­тициялардың ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалып­тастыруға бағытталуы.

Президент бұл салада біраз жетістіктерге,  былтыр өңдеу өнер­кәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өскеніне,  бірақ өңделген тауар экс­порты 2,7 пайызға төмендегеніне тоқ­талып өтті. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының басты кем­шіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлде­қайда күшейтуіміз қажет. Соны­мен қатар өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек.

– Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек.

Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шы­ғару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіп­орындар бар, мысалы, «Qarmet». Қан­ша қиындыққа тап болса да, он­дағы өндірістік және әлеуметтік про­цес­терде оң өзгерістер орын алып жатыр.

Бұл мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің импортқа тәуелділігі, мұнай саласын­дағы күрделі ахуалға тоқталды. Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндірілетінін, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделетінін айтты. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз.

Сондықтан отынға деген сұра­ныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмысты жедел орындау қажет. Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді (18,4 мил­лион тоннадан 27,4 миллион тоннаға дейін). Бұл – министрліктің мәліметі.

Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауы­тының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз. Жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы жөнінде әлі де ойлану қажет. Меніңше, жобаның құнын мұқият есептеген абзал. Қажетті жағдай болса да, осы кезге дейін елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптас­қан жоқ.

– Менің тапсырмаммен полиэти­лен, бутадиен, карбамид және басқа да өнімдер шығарып, осы саланы жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жоба іске қосылды. Үкімет бұл жобаларды уақы­тылы аяқтауға тиіс. Осындай мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жоба­ларды іске асыру арқылы еліміздің негізгі химия өнімдеріне (полиэтилен, полипропилен) деген сұранысын өтейміз.

Өзімізде шығарылатын полимерді барынша өңдеу ісі жолға қойылмаған. Бұл материалдан автобөлшектер, там­шылап суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек. Соның ішінде лизингпен құрал-жабдық, жеңіл­дікпен несие беру қажет. Бұл қадам азық-түліктен өзге өнімдердің бағасын төмендетуге зор мүмкіндік береді.

Мұнай-газ химиясы және басқа да негізгі салалардағы өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстар қорын то­лықтыру өте маңызды. Қазір Үкімет тікелей мемлекеттік инвестицияға үміт артып отыр. Алдағы үш жылда бюджеттен геологиялық барлау жұмыс­тарына 500 миллион долларға жуық қаржы бөлу жоспарланған. Бұл өткен отыз жылда жұмсалған қара­жатпен тең. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ бәрібір жеткіліксіз.

Геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті болып қала береді. Онсыз геологиялық барлау жұмыстары әрдайым қазынадан бөлінетін қаржыға тәуелді бюджеттік жоба болып қалуы мүмкін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы шикізатты терең өңдеу ауыл шаруашылығына да қатысты өте өзекті мәселе екенін атап өтті. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары қордаланған мәселелерді шешу үшін емес, тек осы саладағы жалпы өнімді арттыру үшін қабылданып жатыр деуге болады. Әлі күнге дейінгі азық-түлік импортына тәуелділік, баға өсімі – соның салдары.

– Атқарушы билік бұған тосқауыл қою үшін негізінен әкімшілік шара­ларға жүгінеді. Үкімет осыған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тікелей реттеуден бас тартатыны туралы айтты. Соған қарамастан, мұндай тауарлар саны 19-дан 31-ге дейін көбейді. Үкімет бұл шешімді уақытша шара деп түсіндірді. Бірақ уақытша деп басталған шара әдеттегідей тұрақты сипатқа ие болып кетпеуі керек.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына да нарыққа қайшы шек­теулер қойылған. Шешімді қабылдар алдында оның салдары қандай бола­тынын ешкім ойламайды. Не себепті бұлай жасалып жатқанын түсіну қиын емес. Себебі нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою – әлдеқайда оңай. Мұндай әрекетті тоқтату керек.

Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты жүйелі шаралар қабылдауға тиіс.

Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл айқын нәрсе. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз. Мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ. Бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруа­шылықтарда және шаруа қожалық­тарында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы – солардың еншісін­де. Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр.

Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Басқаша айтсақ, осының бәрін басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ. Өкінішке қарай, 2026 жылы осындай мәселелер туралы айтуға мәжбүр болып отырмыз. Биыл Мал шаруашылығын дамыту жоспары жасалды. Бұл құжат осы саладағы олқылықтарды жойып, оның дамуына жол ашуға тиіс. Енді ақыры не болатынын көреміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Халыққа арнаған Жолдауында және «Turkistan» газетіне берген сұхбатында шағын шаруашы­лықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін айтқаны белгілі. Үкімет отырысында шетелдік тәжірибені үлгі ретінде алуды, Нидерланд жүйесін мысалға келтірді.  Онда шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі бар. Соның арқасында олар құны 130 миллиард доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экс­порттап отыр. Президент шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру үшін Үкіметке батыл шаралар қабылдауды тапсырды.

– 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруа­шылығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындау қажет. Шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесі барынша ашық болуы керек. Қазір бұл жүйенің күмәнді, көлеңкелі тұстары көп. Үкімет жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді кіріктіру жұмысын аяқтауға тиіс. Бұл қадам субсидиялау үдерісін цифрландырып, шаруалардың міндет­темелерін бақылауға алуға мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі сапалы болуға тиіс. Ашығын айт­қанда, Қазақстанда бұл сала кен­желеп тұр. Еліміздегі 168 зерт­хананың жиырма жетісі ғана халық­аралық стандартқа сай келеді. Мал дәрі­гер­лерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды.

Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдар­ламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс.

Құзырлы мекемелер биыл кейбір аймақта алдымен су тасқыны, содан соң құрғақшылық болатынын айтуда. Үкімет қазірдің өзінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп қоюы керек.

Тағы да айтарым, табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұмыстың бәрі босқа кетеді. Бізде қажетті технологияның бәрін пайдалануға мүмкіндік бар. Тек соның барлығы қаншалықты жауапты әрі жүйелі түрде қолданылады деген сұрақ туады. Мәселе – сонда.

Егіс алқаптары мен инфра­құры­лымды қорғауға қажетті шаралар ал­дын ала қабылдануы қажет. Әр жолы мәселе пайда болған кезде ғана жан­таласпай, қиындықтың алдын алған жөн. Бұрынғы қателіктерге жол бермеу керек. Көктем де келіп қалды. Үкімет әкімдіктермен бірге су тасқынына қарсы шараларды сапалы жүзеге асы­руға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атаған айтқан алтыншы мәселені айтсақ, ол – цифрлық техно­логиялар мен жасанды интел­лектіні кеңінен қолдау арқылы, кәсіпкерлікті қарқынды дамыту.

Жалпы ішкі өнімнің 40 пайызға, негізгі капиталға салынған инвести­цияның 70 пайызға жуығы шағын және орта бизнес саласына тиесілі болуы – кейінгі жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі.

– Дегенмен қазір табысқа риза болып отыратын заман емес. Елімізде азаматтардың бизнеспен жаппай айна­лысуына мән беріліп, оған барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ мұндай шара бүгінгі таңда аздық етеді. Үкімет кәсіпкерлікті дамыту ісінде енді, ең алдымен, сапаға айрықша көңіл бөлуі керек.

Мемлекеттік көмекті бизнестің технологиялық деңгейіне және сана­тына қарай саралап беру қажет. Шағын бизнесті қолдау шаралары нақты әрі тиімді болуға тиіс. Кәсіп­керлерді «күнкөріс режимінен» шығып, тұрақ­ты даму жолына түсуге ынталандыру маңызды.

Шикізаттық емес сектордағы даму әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау шаралары дайын өнім сататын нарық ауқымын кеңейтуге ықпал етуі қажет.

Үкімет «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбе­гейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеуі керек. Ұсыныстар 1 сәуірге дейін енгізілуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, әрбір кәсіпкер смартфон арқылы тікелей қолдана алатын біртұтас цифрлық экожүйе жасалуы қажет. Қазіргі реттеу шаралары кәсіпкерлерге әкімшілік кедергі туғызады, материалдық шығын келтіреді. Осы кедергілер мен шығындарды азайту үшін кезінде шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланды. Бірақ мораторий мерзімі аяқталған сәтте бәрі қайтадан бұрынғы қалпына түсті. Мысалы, 2020 жылы 70 мың тексеру жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін артқан. Тіпті, оның 85 пайызы жоспардан тыс жүргізілген. Шаш ал десе, бас алатын мұндай әрекетті доғару керек. Мұндай тек­серулердің орнына медициналық қор­ды немесе жекеменшік мектептерді, әлеуметтік жеңілдіктер беру жүйесін тексеру керек еді.

Реттеушілік реформаның жаңа кезеңіндегі басты міндет – блокчейн мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы цифрлық модельге толық өту.

Бұл ретте «Реттеуші сары парақтар» (Regulatory Yellow Pages) қағидаты басшылыққа алынуға тиіс. Стра­тегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аталған жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы қажет.

Одан әрі Президент «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлықты орындау мәселесіне арнайы тоқталып, бұл жұмыс іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана орындалып жатқанын,  құзырлы органдар құжатта көрсетілген тапсырмаларға атүсті қарайтынын, бизнес жүргізуге қолай­лы жағдай жасауды емес, құр есеп беруді ойлайтынын айтты. Соның сал­дарынан Жарлықта айқындалған басты міндеттер толығымен орын­далған жоқ.

Мемлекет басшысы мысал ретінде мемлекеттік активтерді жекешелендіру үдерісін атап көрсетті.

– Үкімет жеке меншікке өтуге тиіс 473 кәсіпорынның тізімін былтыр қазан айында бекітті. Бірақ активтерді саудаға шығармақ түгілі оны сатуға дайындық шараларының өзі әлі басталған жоқ.

«Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң да қабылданбады. «Қандай кедергі пайда болды? Мемлекеттік органдар неліктен өз активтерінен айырылғысы келмейді?» деген сұрақтар болуы мүмкін. Нақты себептер бар шығар, бірақ олар туралы бейхабармын. Шынын айтқанда, маған тиісті мағлұмат немесе ақпарат түскен жоқ.

Себебі бұл активтер мемлекет бюджеті есебінен қамтамасыз етіледі, яғни, оған қазынадан қомақты қаражат жұмсалып жатыр. Бұл жағдай жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп, бәсекелестікті тежейтінін ұмытпауымыз қажет.

Үкімет Жарлықты орындауға қа­тысты ұстанымдарды бір айдың ішін­де қайта қарауға тиіс. Басты мақсат – бизнеске шын мәнінде қолай­лы жағдай жасайтын нақты шаралар қабылдау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткен жетінші бағыт – жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында көлік логистикасын дамытуға жете мән беру. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет.

Мемлекет басшысы еліміздің Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбау стратегиялық олқылық, сондықтан бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше екенін айтты. Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді эконо­микалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда, бұл – өте маңызды қадам.

Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін барын­ша дамыту – айрықша маңызды міндет. Бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құрылысы аяқталды. Теміржол арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақсарып, темір­жолдың жалпы жағдайы тұрақталды. Десек те, еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет.

– Алайда бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады.

Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. «Бақты – Аягөз» желісін уақытылы пайдалануға беру керек. Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды.

Үкімет биыл транзиттік тасымал көлемін шамамен 65 пайызға, яғни 55 миллион тоннаға дейін көбейтеміз деген ауқымды міндет қойып отыр. Ал «Қазақстан темір жолы» компания­сының басшысы өз ақпаратында бұл жоспарға күмән келтіріп отыр.

Мәселе – бізде емес, іргелес мем­лекеттердің жоспарлары мен мүмкіндіктерінде. Бұл мәселені енді анықтау қажет. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақ­стан темір жолы» компаниясы қажетті шараның бәрін қабылдауға тиіс. Соның ішінде цифрлық жаңғырту, яғни трансформация жұмыстарын аяқтау қажет.

Жүк тасымалдаушылардың бәріне ашық және бірдей қолдау көрсетілуге тиіс. Ол үшін ұлттық оператордың жүк вагондарын беру жұмысын толық цифрландырып, ретке келтіру керек, – деді Президент.

Оған қоса Мемлекет басшысы теміржол саласындағы тариф саясатын реформалауды кезек күттірмейтін міндет деп атады. 1 қыркүйекке дейін жаңа тариф саясатының тұжы­рым­дамасына қатысты түпкілікті шешім қабылдануға тиіс. Тариф саясаты, бұл – аса маңызды тақырып, көлік стра­тегиясының өзегі саналатын мәселе. Сондықтан Үкіметке темір­жолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу тапсырылды.

– Мен «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағытындағы жолдың және Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларының сыртындағы айналма жолдың құрылысы туралы айтып отырмын.

Автокөлік тасымалын дамыту туралы айтқанда, ең алдымен, жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер шешімін табуға тиіс. Жаңа жылға дейін жасанды интеллектіні пайдалана отырып автокөлік қоз­ғалысын реттейтін цифрлық плат­форманы іске қосу керек.

Біз жүк және жолаушылар транзитін барынша тиімді ету үшін шекарадағы өткізу бекеттерін жаппай жаңғырта бастадық. Былтыр 9 бекет іске қосылды. Келесі жылдың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаңғыр­тылады. Бірақ бекеттердің сапасына да қарауымыз керек.

Цифрлық тәсілдер және жасанды интеллектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек. Бірақ бақылау да әлсіреп кетпеуге тиіс. Еліміздің және көрші мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін өзара бай­ланыстыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент  Жолдауында жүк тасымалын басқаратын «Smart Cargo» цифрлық платформасын, сондай-ақ кеден рәсімдерін жасайтын «Keden» жүйесін енгізу тапсырылған еді. Қазір осы жүйелер пилоттық режимде жұ­мыс істеп тұр. Енді барлық мекеменің ақпараттық жүйесін өзара кіріктіріп, бұл платформалардың толық іске қосылуын тездету керек. Осылайша, біртұтас интеллектуалды көлік эко­жүйесі қалыптасады.

– Қорыта келе тағы да айтып өткім келеді: алдымызда ауқымды, маңызды міндеттер тұр. Біз әрдайым бір қадам алда жүруіміз керек. Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Шынын айтқанда, бүгінгі қаралып жатқан мәселелер – белгілі, олар Жолдауымда да, Ұлттық құрылтайда да көтерілді.

Үкімет мүшелері, иә, айналамызда жүрген «сарапшылар» ел эконо­ми­касының алдында тұрған түйт­кілдерді шешу жолын тез арада ұсынады деп күтудің қажеті жоқ деген сияқты пайымдаулар бар екенін біз жақсы білеміз.

Біз бәсекеге қабілетті ел болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті болсақ, бола­шағымыз да жарқын болады. Негізгі басымдықтарымыз өзгермейді. Аза­мат­тардың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет болып қала береді.

Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар өз жауапкершілігін толық сезініп жұмыс істеуге тиіс. Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті – батыл, күмәнсіз шешімдер қабылдау үрдісін жаңғырту.

Ел игілігі және азаматтардың мүддесі үшін еңбек ету қажет. Әрбір тапсырма уақытылы әрі сапалы орындалуы керек. Ең бастысы, елге пайдасы тиетін нақты нәтиже болуға тиіс, – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

«Сыр бойы»