Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдында тұрған бірқатар шұғыл міндеттерге тоқталды. Президенттің айтуынша, ең алдымен инфляцияның тұрақты әрі қалыпты деңгейін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік қаржының теңгерімділігін сақтау қажет. Сонымен бірге былтырғы Жолдауда жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толық іске асыру Үкіметтің басты басымдығы болуы тиіс.
Президент жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу тек көмекші құрал ретінде емес, экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші болуға тиіс екенін атап өтті. ЖИ негізіндегі цифрландыру бірқатар стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталуы қажет.
Атап айтқанда, бұл:
- еңбек өнімділігін арттыру;
- экспортқа бағдарланған экономикалық секторларды дамыту;
- қосылған құны жоғары өнім шығару;
- Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа инвестициялық кезеңді жүзеге асыру еліміздің индустрия, энергетика және көлік салаларында заманауи жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жай ғана ұран емес, экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологияның мызғымас тұғыры болуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Президент осындай жауапты кезеңде дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдаудың маңыздылығына назар аударды. Шынайы өмірден алшақ, нәтижесіз «құрғақ» ұсыныстарға жол беруге болмайтынын қадап айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыс істеуі керек, ал оның игілігін бүкіл қоғам сезінуі тиіс. Осыған байланысты Президент қазіргі таңда аса өзекті мәселелерге арнайы тоқталатынын мәлімдеді.






