Президенттің кадрлық резервіне іріктеу 1 қыркүйекте басталады

214

0

  Президенттің кадрлық резервіне іріктеу бірінші қыркүйекте басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында елде Президенттік кадрлық резервті қалыптастыру қажеттігін жариялады. Тұңғыш рет инновациялық технологиялар, инженерия, кәсіпкерлік қызмет, медицина, экономика, мәдениет және басқа да көптеген салаларда елеулі нәтижелерге қол жеткізген жас қазақстандықтарда резервке іріктеуден өтуге және елдегі жоғары мемлекеттік, басқару лауазымдарына тағайындалуға мүмкіндік пайда болды.
 Іріктеу барынша ашық өткізіледі, оған 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар жастар қатыса алады.
Резервке қосылуға ынталы азаматтар бірнеше кезеңнен өтуі тиіс: кандидаттардың теориялық білімін тестілеу; көшбасшылық қасиеттерді, сыни ойлау деңгейін, стратегиялық көзқарасын, үміткерлердің уәждемесі мен құндылықтарын бағалау (эссе жазу, жобаларды таныстыру, сұхбаттан өту және бағалаудың басқа да құралдары); Президент Әкімшілігінің Сарапшылық комиссиясында әңгімелесу; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қарау. Егер Сіз табысты бастамалардың авторы болсаңыз, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа жобалар мен іс жүзінде іске асырылатын идеяларды ұсынуға, жедел шешім қабылдауға және инновацияларға тез бейімделуге қабілетті болсаңыз «Президенттік кадрлық резерв» жобасына қатысуға онлайн өтінім жолдаңыз!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<