Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 5 жас ғалымына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер кілті табыс етілді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған шарада жас зерттеушілерге пәтер сертификатын ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин салтанатты түрде табыстады.
Жаңа пәтердің иесі атанған жас ғалымның бірі — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Молекулалық биология және генетика кафедрасының ғылыми қызметкері Әйгерім Қуанбай болды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымы, ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыс кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Амангелді 2 бөлмелі жаңа пәтердің иесі атанды. Бүгінде жас зерттеуші бидай дақылдарының потогенттерін анықтау бағытында ғылыми жұмыстармен айналысады.
Бұдан бөлек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға ғылыми қызметкері Ажар Мәлік жаңа пәтердің иесі атанды. Аталған баспана жас зерттеушіге Мемлекет басшысының жас ғалымдарды қолдау тапсырмасы аясында берілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, жас ғалым Олжас Құрманбаевқа пәтер сертификаты табысталды. ҚР Президентінің қолдауымен жас ғалымға берілген су жаңа пәтер 3 бөлмеден тұрады.
Ал жас ғалым, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Жанар Райымбекова баспаналы болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жас зерттеушіге 2 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
Еске салсақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында 500-ден аса түркістандық баспаналы болғанын жазған едік.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<