Прокурор блогер Жанәбіловтерге жаңа жаза мерзімін сұрады

17

0

Фото: instagram.com/zhanabylov_e

Астана қаласында блогер Жанәбіловтерге қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Прокурор Олжас Хайруллаев оларға жаңа жаза мерзімін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокурор Ерболат Жанәбіловке 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу сұралды. 

Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдырылады.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған. Егер сот ұсынысты қолдаса, Жанәбілов пробациялық бақылауда болып, бірқатар шектеулерді сақтауға міндеттеледі.

Үкімді бүгін сағат 16:30-да судья Әділбек Баймаханов оқиды.

Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды. Қорғау тарапы тергеу толық жүргізілмегенін және заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, істі прокурорға қайта қарауға жіберуді сұрап отыр.