Путин: «Росатом» Қазақстанмен бірге жаңа ауқымды жобаларды іске асыруға дайын

39

0

Фото: Михаил Джапаридзе/ ТАСС

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында «Росатом» корпорациясы Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға атсалыса алатынын айтады.

Ресей басшысының Астанадағы кезекті сапарының қарсаңында жарияланған мақалада екі елдің энергетика саласындағы байланысы толық қамтылған. 

«Мұнай-газ секторындағы ынтымақтастық та сындарлы сипат алған. Каспий құбыр консорциумының арқасында Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80 пайыздан астамы Ресей аумағы мен Ресейдің порттары арқылы, Қара теңізбен шетел нарығына жеткізіліп отыр. Қос мемлекеттің энергетикалық компаниялары көмірсутек кен орындарын бірлесіп игеріп, энергия ресурстарын өңдеуді, құбыр жүйесін кеңейтуді жолға қоя білді», – деп жазады В.Путин.

Оның пайымдауынша, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес бағыттарында да ынтымақтастықтың жарқын келешегі бар.

«Росатом» Қазақстанға ядролық отын тізбегінің жобаларын іске асырып, уран өнеркәсібін дамытуға тәжірибелік тұрғыдан көмек көрсетіп келеді. Мамандарының білім-білігі мен техникалық шешімдері әлемде теңдессіз саналатын аталмыш мемлекеттік корпорация Қазақстан тарабымен жаңа ауқымды жобаларды іске асыруға дайын», – деп ой қорытады Ресей президенті.

Владимир Путин Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі мен «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасын өзара экономикалық ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары ретінде атаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президенттің шақыруымен Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін жазған болатынбыз. Осы орайда, еліміздің беделді басылымдарының бірі — «Казахстанская правда» газетінде мақаласы жарияланып, іргелес мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы ойын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<