Қызылорда қаласындағы «Левый Берег» ықшам ауданындағы №5 квартал, 3-үй тұрғындары жаңа баспананың сапасына алаңдаулы, деп хабарлайды kaztoday.kz.
2025 жылдың қаңтар айынан бастап «Отбасы банк» арқылы 13-15 жыл мерзімге ипотека рәсімдеп, қоныстанған тұрғындар үйдің сапасыздығы жайлы дабыл қағуда. «Аман-Құрылыс» ЖШС салып берген бұл көпқабатты тұрғын үйдің қабырғалары қопарылып, терезелерінен жел уілдеп, құм толып, жаңбыр суы ішке ағып жатқанын айтады.

Тұрғындар мәселе туралы әлеуметтік желіде бөлісті. Олардың сөзінше, көктемгі желден кейін пәтер ішінде құм үйіліп қалған, ал сіркіреп жауған жаңбырда терезелерден су сорғалап, пәтерлер суға толған. Терезе мен есік сапасы өте төмен – кейбір пәтерлерде әйнек сынып, жөнделмеген күйі тұр. Пластик терезе орнына жай ғана тор қойылған, ал шатырдағы ашық жерлерден жабайы кептерлер кіріп, түрлі жәндіктер мен қауіп тудыратын жағдайлар орын алған.
«Сыртқы есіктер дұрыс жабылмайды, подъезд есігінің магниті қозғалып, әрең тұр. Еден астына цементсіз құм ғана төселіп, линолеумнің астында ешбір оқшаулау жүргізілмеген. Ал шатырдың жартысы ашық, кептерлердің қалдықтарынан түрлі зиянкестер таралуы мүмкін» – дейді тұрғындар.
Бұл үйде әлеуметтік осал топ өкілдері – көпбалалы аналар, мүгедектер, жалғызбасты ата-аналар мен мемлекеттік қызметкерлер тұрып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, осы санаттағы азаматтарға сапасыз үй беру – әділетсіздік әрі құрылыстың дұрыс қадағаланбағанының айғағы.
Тұрғындар «Аман-Құрылыс» ЖШС мен үйді қабылдап алған Қызылорда қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Мұратбекұлына нақты талаптар қойып отыр. Егер бұл мәселеге мардымсыз жауап қайтарылса, олар БАҚ пен құзырлы органдарға жүгінетіндерін мәлімдеді.
«Біз бұл үйді адал еңбегімізбен алғанбыз. Үш ай өтпей жатып үйіміздің сиқы осы болса, болашағымыз не болмақ?» – дейді тұрғындар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<