Қағидат құндылығы

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау органдары, басқарма, жергілікті оқу орындарының басшыларымен, профессорлар және студенттермен, адам және бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен кездесті. Онда «Заң мен тәртіп» қағидатын өңірлік деңгейде нақты іске асыру, құқық қорғау органдарының кәсіби әлеуетін арттыру, ғылым мен практиканың өзара байланысын күшейту мәселелері талқыланды деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Нұрлыбек Машбекұлы еліміздің құқық қорғау, заң шығару салаларындағы ауқымды реформаларға тоқталды.

– Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституцияға арналған республикалық референдум өткізу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Конституция жобасында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы сақталып, мемлекеттің унитарлы сипаты мен шекарасына, аумақтық тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланған. Біздің мақсатымыз ортақ, ол – Тәуелсіз еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халқымыздың өмір сүру сапасын арттыру.

Ал «Заң мен тәртіп» қағидатының Конституция деңгейінде бекітілуі заң үстемдігі мемлекет пен қоғам өмірінің басты құндылығына айналатынын білдіреді. Бұл міндет, ең алдымен, құқық қорғау жүйесінің кәсібилігіне, кадр сапасы мен басқару мәдениетіне тікелей байланысты.

Былтыр 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заңға қол қойды. Бұл заң құқық бұзудың ал­дын алуды жазалау шараларынан басым қойып, профилактиканың бірыңғай жүйесін қалып­­тастырады. Кәмелетке толмағандар ара­сындағы құқыққа қайшы мінез-құлықтың, тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бойынша кешенді әрі ведомствоаралық жұмысты күшейтуге мүм­кіндік береді.

Президентіміздің тапсырмасымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы әзір­леніп, барлық білім беру ұйымына енгізілді. Бүгінде бағдарлама «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан» ұстанымдары аясына жүйеленді. Бұл – болашағына алаңдайтын, ұрпақ тәрбиесін басты құндылық санайтын еліміз үшін айрықша маңызға ие бағыттар, – деді облыс әкімі.

Жиында Нұрғалым Әбдіров сөз сөйлеп, академия білікті кадрлар даярлап, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізетінін, оның түлектері құқық қор­ғау жүйесінің кәсіби әлеуетін нығайтып, «Адал азамат» қағидатын іске асыруға белсенді үлес қосатынын айтты. Қызылорда облысының про­куроры Ризабек Ожаров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Наурызбай Байқадамов, академияның кафедра меңгерушісі Артур Баймаханов күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады.

Сөз қорытындысында облыс әкімі барша жұртшылықты алдағы маңызды саяси кезең­де елдік мүдде жолындағы іске жоғары жауап­кершілікпен белсенді атсалысуға шақырды.

Жиын соңында аймақ басшысы, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қор­ғау органдары академиясының ректоры, облыс прокуроры мен облыстық полиция депар­та­ментінің бастығы Қызылорда облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жаса­латын құқықбұзушылықтардың профилак­ти­касы саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойды.

«СБ» ақпарат