Қайнаған тіршіліктің куәгері болған қоғамдық көлік жүргізушілері

251

0

Қарапайым халықтың жүріс-тұрысын қамтамасыз етуші қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмысы аса жауапкершілікті талап етеді. Таңмен таласып рөлге отыратын олардың басты міндеті – тұрғындарды діттеген жеріне дұрыс жеткізу болып табылады. Қайнаған тіршіліктің бел ортасында жүрген қарапайым еңбек адамдары бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз конференциясына келіп, БАҚ өкілдеріне өз жұмыстарын баяндап берді.

– Мен 1988 жылы Қарағанды қаласындағы политехникалық институтында машина жасау технологиясы бойынша білім алып,  еңбек жолымды 1993 жылы «Рисмаш» ЖШС-ы мекемесінде инженер-конструктор ретінде бастадым. Одан бері бірнеше мекемелерде осы сала бойынша қызмет етіп жүрдім. Қазіргі таңда «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС мекемесінде өндірістік техникалық қызмет бөлімінде жұмыс істеймін. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде аймақ басшысының қолдауымен қаламызға соңғы үлгідегі автобустар келіп жатыр. Осының арқасында автобус жетіспеушілігі азайып, тұрғындар үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көліктермен діттеген жеріне жететін болды. Мұнымен қоса, бұрынғыдай автобустарымызды жиі жөндеп әуреге түспейтін болдық. Тек жаңадан келген қоғамдық көліктерді жиі-жиі тексеріп, таза ұстауға тырысамыз. Одан бөлек, қазір «Қызылорда Автобус паркіндегі» барлық қоғамдық көліктерге электронды төлем қондырғылары орнатылды. Осы төлеммен жол ақысын төлеушілер қатары да артып келеді. Жалпы, өз жұмысыма ризамын. Маңдай термен тапқан табысыма отбасымды асырап, халық алғысын алып жүрміз, – деді «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС  өндірістік-техникалық қызмет бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенбаев.

– Мен №30 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісімін. Осы салада жұмыс істеп жүргеніме жеті жылдан асты. Біз таңғы сағат 5-тен бастап арнайы медициналық тексерістен өтіп барып өз жұмысымызға кіресеміз. Өйткені, адам өмірі уақытша аманат ретінде берілген соң медициналық тексерістен өту өте маңызды. Одан кейін автобустарымызды тексеріп, жолға шығамыз. Бүгінде халықтың қоғамдық көлікке отыру мәдениеті қалыптасқан. Автобустарда балағат сөздер көп айтылмайды, жол ақысын төлейді, жастарымыз үлкендерге орын береді. Кейде тұрғындар өз алғысын айтып, ризашылықтарын білдіріп кетеді. Біз секілді көлік жүргізушілері үшін халық алғысынан артық марапат жоқ, – деді қоғамдық көлік жүргізушісі Марал Шәметеков.

– Мен №2 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі болып қызмет атқарамын. Осы салада 30 жылға жуық қызмет етіп келемін. Біздің де жұмысымен таңғы 4 жарымда басталады. Содан бастап кешке дейін бекітілген бағыт бойынша жүріп, тұрғындарды тасымалдаймыз. Көлік жүргізушісі қарапайым жұмыс болғанымен онда тұрақты жұмыс істеу оңай емес. Себебі халықпен тығыз қызмет ету үлкен жауапкершілікті жүктейді. Дегенмен, 30 жылдан бері осы жұмысым арқылы өз отбасымды асырап жүрмін. Біз халыққа қызмет етуден жалықпаймыз, – деді қоғамдық көлік жүргізушісі Қайрат Зинабдинов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<