Қайраткерге құрмет

66

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовті 80 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, мерейтой иесімен қызметтес болған замандастары қатысты.

Аймақ басшысы Бақберген Сәрсен­ұлының еңбек жолына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.

– Бүгінгі ресми жиынымыз адал еңбегімен халықтың ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағамыздың құрметіне арналады. Өңірдің дамуына елеулі еңбек сіңірген, есімі Сыр жұртына етене таныс Бақберген Досманбетов ағамыз 80 жасқа толды.

Бақберген Сәрсенұлы 1945 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Мәскеу басқару институтының құ­рылыс және қала шаруашылығы факультетінде білім алған.

Еңбек жолын теміржолда қара­пайым жұмысшы ретінде бастап, әр жылдары бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты, қазіргі Қорқыт ата атындағы уни­вер­ситетте комсомол комитетінің хатшысы, аға оқытушы, кафедра мең­герушісі, проректор, ректор, Қызылорда қала­сының әкімі қызметтерін атқарған.

Экономика саласын зерттеп, 9 моно­графия, 60 ғылыми мақала жазған.

Қала әкімі болған тұста өңіріміздің тіршілігіне серпіліс әкеліп, жұмыс орындарының жандануына мүмкіндік жасады.

Парламент Сенатының II, III, IV шақырылымының депутаты ретінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар көтеріп, ел игілігін көздейтін заңдардың қабыл­дануына елеулі үлес қосты.

Тәуелсіздіктің қалыптасу жыл­дарында елде жұмыссыздық белең алып, айлап-жылдап еңбекақы, зей­нетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, «көгілдір отын» арман болып, арбалап ағаш тасығанымыз да көз алдымызда. Сондай заманда елді бірлікке үндеп, сабыр мен төзімнің үлгісін көрсеткен осындағы аға буын Сіздердің еңбектеріңіз ерен.

Ерекше атап өтуіміз қажет, қаламыздың сол жағалауында орна­ласқан, көркі мен сәулеті келіскен «Болашақ» университетінің құрыл­ғанына да 30 жыл толды.

Бүгінде университеттен өңіріміз бен еліміздің еңбек нарығына қажетті мамандар білім алып, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл – Бақ­берген Сәрсенұлы ағамыздың білім мен ғылымға деген құрметінің нақты көрінісі.

Сыр жұртшылығының атынан Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Ұзақ ғұмыр, деніңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке тілейміз! – деді облыс әкімі.

Басқосуда облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай иығына шапан жапты. Ел ағалары Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, Нажмадин Мұсабаев, Сәпен Аңсат, Қылышбай Бисенов сөз сөйлеп, Бақберген Сәрсенұлының елге жасаған елеулі еңбегін атап өтті.

Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов экономика ғылымдарының докторы, «Болашақ», Қорқыт ата атындағы Қызылорда, Гумилев атындағы Еур­азия ұлттық университеттерінің профес­соры, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым акаде­миясы­ның ака­демигі, «Құрмет», «Парасат», ІІ дәре­желі «Барыс» ордендерімен мара­пат­талған, Қызыл­орда облысы­ның құрметті азаматы.

Жиын соңында мерейтой иесі көрсетілген құрметке алғаусыз алғысын білдірді.