«Қайсар» өз алаңында Семейдің «Елімайын» сүріндірді

575

0

Фото: instagram.com/fc_elimai

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХІV турында қызылордалық «Қайсар» өз алаңында Семейдің «Елімайын» сүріндірді.

Биылғы біріншілікті сәтсіз бастаған қызылордалық клуб соңғы турларда жанкүйер көңілінен шығып келеді. Соңғы он турда небәрі бір мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.

Есесіне семейлік команда ала-құла ойын көрсетіп жүр. Кейінгі алты кездесуде бес мәрте тең түскен еді. 

Бүгінгі ойында семейлік клуб алғашқы болып есеп ашты. 

Ойынның 13-минутында олардың қатарынан Алвеш Дос Сантос Роджерио мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. 

Ал екінші кезеңде 56-минутта «Қайсар» сапынан Айбар Жақсылықов пенальтиден таразы басын теңестірсе, 95-минутта Горан Милойко жеңіс голын соқты.

Айта кетсек, 61-минутта қызылордалық клубтан Тоқтар Жаңғылышбай қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Осылайша он ойыншымен қалса да «Қайсар» қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Еске салсақ, аталған турда 13 шілдеде «Шахтер» мен «Жетісу» тең түскен еді.

Енді 14 шілдеде 18:00–де «Қайрат» (Алматы) пен «Жеңіс» (Астана) шеберлік байқасады.

Сондай-ақ «Ордабасы», «Ақтөбе», «Тобыл» командаларының еурокубокта ойнауына байланысты аталған турдағы олардың қатысуымен өтетін бірқатар ойындар кейінге шегерілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<