«Қайсар» «тобылмен» тең ойнады

116

0

Фото: Автордан

Қызылордалық «Қайсар» соңғы төрт турда жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Екі мәрте жеңіске жетсе, екеуінде тең нәтижеге қанағат білдірді. Қазақстандық футболшылардан құралған команда осылайша турнир кестесінде тоғызыншы орынға табан тіреп тұр.

Жексенбіде олар өз алаңында қостанайлық «Тобыл» командасын қабылдады. Аталған клуб жылма-жыл үздіктер қатарынан көрінуге күш салып жүр. Биыл да сол үрдістен жаңылған жоқ. Қазірге дейін көптеген клубтан үш ұпай олжалап, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. Олардың арасында елордалық «Астана» командасы да бар.

Кезінде ел футболында өзіндік ойын өрнегімен көзге түскен Нұрбол Жұмасқалиев жетекшілік ететін клуб биыл тәжірибелі шетелдік және қазақстандық ойыншыларды қатарға қосты. Ұлттық құрамада капитандық міндетті атқарған жерлесіміз Асхат Тағыберген де «Тобылдың» жейдесін киді.

Айта кетсек, қостанайлық клуб үшін «Қайсар» қолайсыз қарсылас болып тұр. Жерлестеріміз аталған клубтан Премьер-лигада 2021 жылдан бері өз алаңында жеңіліп көрген жоқ. Осындай се­беп­терге байланысты «Тобыл» алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеген қостанайлық футболшылар қос қанаттан шабуылды үдете түсті. Оған қызылордалық қорғаушылар лайықты тойтарыс беріп жатты. Осындай сәттің бірінде «Тобыл» сапынан Марко Вукчевич 18-минутта Нұрымжан Салайдин қорғаған қақпадан саңылау тауып кетті.

Бірінші кезең аяқталар тұста «Қайсар» ойыншылары алға қарай ұмтылды. Биыл жасыл алаң төрінде әдемі ойын өрнегімен танылып үлгерген Дидар Жалмұқан 38-минутта қақпаға алыстан доп бағыттаған еді. Оған қостанайлық қақпашы Сұлтан Бұсырманов тойтарыс бере алған жоқ. Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Кездесу басталардан бұрын қызылордалық жанкүйерлер Асхат Тағыбергенге сый-сияпат көрсетті. Жақында ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтағанын мәлімдеген футболшының иығына шапан жауып, оның суреті бейнеленген картинаны тарту етті.

Енді «Қайсар» алдағы ойынын 22 маусымда өз алаңында Жезқазғанның «Ұлытау» командасына қарсы өткізеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»