Қызылордалық «Қайсар» қаңтар айының алғашқы аптасында Біріккен Араб Әмірлігіне аттанып, қазір онда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бүгін, 13 қаңтарда олар жолдастық кездесуде сол елдің «Аль-Иттифак» командасымен шеберлік байқасады. Ал 19 қаңтарда дәл сондай ойын Өзбекстанның «Динамо Самарқанд» клубымен болады.
Өткен жылдың 31 қазанында қызылордалық клуб елімізде «Қайраттан» кейін алғашқы болып жекеменшікке өтті. Ендігі кезекте олар 2027 жылы еурокубокта бақ сынауды жоспарлап отыр. Ол үшін алдағы жылы ел біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көріну немесе кубокқа қол созуды көздейді. Сондықтан команда басшылығы алдымен бас бапкерді ауыстырып, бұл қызметке қазақстандық маман Андрей Ферапонтов келді.
Команда басшылығы өткен жылғы құрамнан қақпашы Нұрымжан Салайдин, қорғаушы Темірлан Мұрзағалиев пен Әділет Кеңесбек, жартылай қорғаушы Айбол Әбікен мен Думан Нәрзілдаев, шабуылшы Нұрдәулет Ағзамбаевпен келісімшарт мерзімін ұзартты.
Сондай-ақ команда құрамына шетелден жаңадан қақпашы Адам Ковач (Словакия), қорғаушы Никола Цуцкич (Сербия), шабуылшы Томас Джонс (Чили) келді. Оған қоса қазақстандық қорғаушы Нияз Ыдырысов, жартылай қорғаушы Сағи Совет, шабуылшы Алияр Мұхамед алдағы маусымда қызылордалық клуб сапында ойын көрсетеді.
Айта кетсек, команда сапынан Ілияс Әмірсейтов, Бекзат Құрманбекұлы, Әліби Тұзақбаев, Елжас Алтынбеков және Қуаныш Қалмұратов, Александр Мокин, Ерсұлтан Төреқұл, Марлен Айманов, Дидар Жалмұқан және Карам Сұлтанов кетті.
Оқу-жаттығу жиынында өткен маусымда «Қайсар U21» сапында доп тепкен Айқын Ажихан, Ринат Ақберген, Батырбек Шатан сынақтан өткізіледі. Бас бапкер А.Ферапонтов биыл жас футболшылардың қарым-қабілетіне баса назар аударып, олардың кәсіби шыңдалуына жол ашпақ. Оған қоса Дінмұхамед Рүстемұлы бастаған «Қайсардың» жастар құрамындағы аяқдопшыларымыз да назардан тыс қалмайды. Бапкерлік штаб әрдайым қызылордалық жастардың ойын практикасы мен жаттығу процестерін қадағалайтын болады.
– Клубтың алдына қойылған жоспар үлкен әсер қалдырды. Оның ішінде футбол академиясын салу, қажетті инфрақұрылымды жаңғырту, база, алаңдар, манеж, медициналық-қалпына келтіру орталығын салу секілді тың дүниелері ерекше таңғалдырды. Жанашырлар аймақта футболды дамытуға осындай байыпты көңіл бөлсе, команданың болашағынан зор үміт күтуге болады. Мұнан кейін Қызылорданың тағы бір артықшылығы төртінші санаттағы жаңа стадион деп айта аламын. Сол себепті осындай амбициялық жобада өз үлесімді қосқым келеді. «Қайсардың» алдағы мақсатын жүзеге асыруға бапкерлік жолда жинақтаған тәжірибем, алған білімім арқылы көмектесемін деген үміттемін. Оқу-жаттығу жиындары барысында ойыншылардың неге қабілетті екенін, олардың біз беретін ақпаратты қалай қабылдайтынын көреміз. Оларға қойылатын жоғары талаптарды орындауға психологиялық тұрғыдан қаншалықты дайын болатынын байқау қажет. Десек те клуб басшылығының, жанкүйерлердің амбициялық мақсатын біліп, біз кез келген қарсыласты жеңуге дайын, мықты команда құруға тырысамыз, – деді бас бапкер.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





