Колумбияның Пайпа қаласында болған әуе апатынан алты адам, оның ішінде танымал әнші Йеисон Хименес қаза тапқанын осыған дейін жазған едік. Енді әншінің апаттан шамамен 20 күн бұрын «ұшақ құлайтынын түсімде бірнеше рет көрдім» деп телебағдарламада айтып кеткені белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Anadolu Agency басылымының мәліметке сүйенсек, Бояка департаментіндегі Пайпа қаласынан Медельинге бағыт алған ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған. Қайғылы оқиғадан алты адам көз жұмғаны хабарланды. Олардың ішінде 35 жастағы музыкант Йеисон Хименес те болған.
Қазадан соң көпшілікті таңғалдырғаны – ол ұшақ апатынан көз жұматынын бұған дейін айтып кеткен. Әнші Телебағдарламалардың бірінде ұшақ апатына қатысты үрейлі түстер мазалайтынын айтқан. «Мен үш рет ұшақ апатына ұшырағанымызды түсімде көрдім… Түстерімнің бірінде біздің қайтыс болғанымызды көрдім және бұл туралы жаңалықтарда айтылды», – деген музыканттың сөзін жергілікті аудитория қайта бөлісіп жатыр.
Йеисон Хименес қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Малага қаласында концерт берген, кейін демалу үшін Пайпаға барған. Ол жеке ұшақты жалға алып, алдымен Медельинге жетіп, ары қарай келесі концерті жоспарланған Маринильяға ұшпақ болған.







