Бүгін Өнер орталығында қала әкімінің бүлдіршіндерге арналған Жаңа жылдық шыршасы өтті.
Жаңалық пен жұмбаққа толы таңғажайып ертегілер мекеніне айналған Жаңа жылдық мерекелік іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және білім, өнер, спортта зор жетістіктерге қол жеткізген талантты да дарынды оқушылардан барлығы 100 бала қатысты.
Жаңа жылдық шырша салтанаты оқушылар сарайының өнерпаздары әзірлеген қойылымымен басталды. Қызықты кешке жиналған балалар Жаңа жылдық шыршаның басты қонақтары Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетіп, керемет сыйлықтарға ие болды.
Жаңа жыл мерекесі – балалар үшін ұмытылмас оқиға. Өйткені, олардың бақытты жүздерін, шынайы күлкілерін көруден артық ештеңе жоқ. Соған сай мереке қуанышында шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы балаларды құттықтап, өтіп бара жатқан 2024 жылы білім саласының жеткен жетістіктеріне тоқталды.
«Шаһарымыздың өздеріңдей білімді де, талапты жастары әлемнің ең озық оқу орындарында білім алуда, спорт саласында да биік белестерді бағындыруда. Сыр елінің абыройын көтерген сол аға-әпкелеріңнен үлгі алып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Жаңа жыл өздеріңе де, сендерді мәпелеп өсіріп отырған ата-аналарыңа да тек жақсылық әкелсін. Алдағы Жылан жылы – қазақ дәстүрінде ақыл-парасаттың, сақтықтың және терең ойдың символы саналады. Ендеше Жылан жылы жетістіктер жылы болсын!» – деп шаһар басшысы балаларға сыйлықтар табыстады.
Ертегі қойылымдары мен концерттік бағдарлама ғажайыпқа толы кешті жандандыра түсті.
Қызылорда қаласының әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<