Бұл туралы кеше баспасөз орталығында өткен брифингте «Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Гүлмира Ибраева айтып өтті.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі өкіміне және Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 1248 қаулысына сәйкес, Қазақстанда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, шаруа қожалықтарының, қалалар мен ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылықтардың, сондай-ақ бау-бақша және саяжай кооперативтерінің толық санағы жүргізіледі. Санақ 2025 жылдың 1 тамызынан 20 қазанына дейін 2 кезеңде, атап айтқанда, интернет арқылы онлайн режимде арнайы сайтта және респонденттер арасында сауалнама жүргізу арқылы өтетін болады.
– Осы санаққа дайындық жұмыстары барысында 20 тамыз – 30 қыркүйек аралығында Қызылорда қаласында пилоттық санақ жүргізіледі. Санақ – жер және егіс алқаптары, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының саны, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы инфрақұрылымына қатысты басқа да аспектілер туралы деректерді өзектендіруге мүмкіндік береді. Егер қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, 1446 нөміріне сағат 09:00-ден 18:30 дейін немесе Telegram-бот: statgovkz_bot арқылы хабарласуларыңызға болады, – деді Гүлмира Жеткергенқызы.
Пилоттық санақ үш кезеңмен өткізіледі: дайындық, негізгі және қорытынды. Дайындық кезеңінде қолда бар деректерді нақтылау үшін қызметкерлер қалалық жердің әрбір елді мекенінің аумағын тіркеу учаскелеріне бөледі. Пилоттық санақтың негізгі кезеңі «sanaq. gov.kz» мамандандырылған сайтында онлайн режимде интернет желісі арқылы және қызметкерлердің респондеттерден сұрау салуы арқылы планшеттерді немесе қағаз жеткізгішті пайдаланумен жүргізіледі. Соңғы кезеңде пилоттық санақтың алдын ала және негізгі кезеңдерінің қорытындылары бойынша талдау жүргізіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<