Атыраулық Нұргүл Зиханова Бейбіт Қорғаннан бала туғанын айтқан соң әнші ДНҚ тапсырды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы «Астарлы ақиқат» бағдарламасының бұрынғы жүргізушісі Дина Төлепберген айтты.
«Астарлы ақиқатты» жүргізуді тоқтатсам да, бұл мәселе тұрақты бақылауымда. ДНҚ алу үшін ақыры оны сотқа сүйредік. Оның қан тапсыруға қалай келгенін көрсеңіз, шошисыз. Құдды бір отадан шыққан Майкл Джексондай, «Маска» шоуы маңырап қалады. Ауыр диагноздағы бала жайлы бірдеңе айтар ма деп едік, ләм-мимсіз ұзатылып жатқандай артына қайырылмай кетті. Бізден қашса да, ақыры Атырауда заң аясында Бейбіт Қорған өз қанын тапсырды», – деді ол.
Дина Төлепбергеннің сөзінше, нәтижесін сот бір айдан кейін жария етуге тиіс.
Еске салайық, бұған дейін атыраулық Нұргүл Зиханова 5 жыл бұрын Бейбіт Қорғанмен көңіл жарастырғанын айтқан еді. Оның сөзінше, 4 жасар баласы – әншінің ұлы.
«Әкесі ретінде 100 пайыз қабылдаған адам – Бейбіт Қорған. Ол мойындамаса да, дәлелденсе, балаға жауапкершілікті алсын деймін. Маған одан ештеңе керек емес», – дейді ол.
Нұргүлдің айтуынша, Атыраудағы караокелердің бірінде құрбысы арқылы әншімен танысқан.
«Ол танымал әрі сымбатты жігіт қой. Отырып, танысып, сөйлесеміз, өзі де ұнатты. Ол да шақырды, мен де кетәрі болмадым», – дейді ол.
Оның айтуынша, екінші рет кездескенде олар жақындаспаған. Нұргүл Зиханова әншінің балалары, отбасы барын білген.
2018 жылы Нұргүл Зиханова жұмыссыз болған. Кейін фотограф болып жұмыс істеген. Әйел әншіге жүкті екенін айтқан, ол «өзің біл» деп жауап берген. Әйелдің айтуынша, баланың денсаулығында ақау бар. Ол «балаға жәрдем берсе екен» дейді.
«Бала туған кезде бүйрегінде ақау бар. Баланың диагнозын, бәрін жібердім. Ауруханаға жатқызуына көмек берді, дәрігерлермен сөйлесіп берді. Суретін жібердім. Ол көп хабарласа берме деді», – дейді әйел.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<