Бүгін қалалық мәслихаттың ХХХІІ сессиясы өтіп, күн тәртібінде бюджетті нақтылау бағытындағы бірқатар мәселе қаралды. Сессияда қала әкімі Нұржан Ахатов бас шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарларға тоқталды.
«Ел Президентінің, Үкіметтің тұрақты қолдауының және аймақ басшысының ұтымды үйлестіруінің арқасында Сыр өңірінің бас қаласы қарқынды дамуда. Барлық салада оң тенденция қалыптасып, жыл басында 58,2 млрд теңгемен бекітілген қала бюджеті қазір 113,1 млрд теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артты.
Өткен 11 айдың қорытындысымен өңдеуші өнеркәсіп көлемі 4,9 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 71 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 15,3 пайызға, бөлшек сауда көлемі 5,6 пайызға артса, 260 млрд теңгенің инвестициясы тартылып, ол 11,8 пайызды құрады.
Биыл облыс әкімінің қолдауымен 2 182 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Соның ішінде, 984 пәтерлі 18 тұрғын үй бюджет есебінен, 1 198 пәтерлі 28 тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынды. 13,9 млрд. теңгеге 925 пәтер сатып алынып, халықтың әлеуметтік осал топтарына берілуде. Ал, 2025 жылдың басында 300-ге жуық пәтер сатып алуға 3,8 млрд. теңге қаржы қаралды.
Қаладағы 68 тұрғын үй апаттық деп анықталған. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 673 отбасы бар.Тұрғындардың баспана мәселесін шешу үшін биыл облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлініп, 135 пәтерлі үй сатып алынды. Келер жылы тағы 135 отбасына жаңа пәтер сатып алу жұмыстары жүргізілетін болады» – деді Нұржан Сәбитұлы.
Қазіргі уақытта қала 93 пайызға газбен қамтылған. Халыққа ең қажетті саналатын көгілдір отын тарату мақсатында Ақжарма ауылдық округін газдандыру жұмыстары 1,2 млрд теңгеге жүргізілуде. Сонымен қатар, 300 млн. теңгеге қалада көгілдір отын желісі жүргізілмей қалған шағын аудандарды газдандыру жүзеге асырылуда. 3,1 млрд теңгеге Сабалақ» саяжайын газдандыру ісі де қарқынды атқарылуда.
Ауқымды жоба – Тасбөгет кентіндегі биологиялық тазарту станциясын жабу мақсатында станциядан Титов шағын ауданында орналасқан биологиялық тазарту станциясына 23 шақырымды құрайтын желі тарту жобасы әзірленіп, сараптамасы алынды. Жобаның жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайды. Бұл жоба Белкөл, Байтерек елді мекенінің кәріз су мәселесін шешеді.
Қызылорда қаласының әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<