Өткен сенбіде облыстық «Сыр бойы» газетінің бұрынғы бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, марқұм Жақсылық Рахматулланың туғанына 80 жыл толуына орай БАҚ өкілдері арасында бильярдтан турнир өтті.
Ашылу салтанатында ардагер-журналист Қайырбек Мырзахметов қарымды қаламгер туралы қысқаша естелік айтты. Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков және туыстары атынан Мұрат Мұхтаров сөз алып, қаламгердің азаматтық, адамгершілік қасиеттерін сөз етті. Тастаяқ додасын ұйымдастырушылар атынан сөз алған жазушының ұлы Манарбек Рахматулла қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыстың төрешісі Арман Әбдірейімов турнирдің ережесін таныстырған соң 16 ойыншы (ақпарат құралдары өкілдері) жеребе бойынша бәске түсті. Жанкүйерлерін желпінтіп, жақсы әсер қалдырған дода тартысты өтті.

Жақсылық Рахматулла есімі сырбойылықтарға жақсы таныс. Баспасөз саласында 40 жылдан аса еңбек еткен қаламгер осыдан 6 жыл бұрын дүниеден озды. Ол Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Осы шығармашылық ұйымдардың Қызылорда облыстық филиалдарына төрағалық етті. 1997 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Қызылорда облысының құрметті қызметкері. Жаңақорған ауданының, Тасбөгет кентінің Құрметті азаматы. Қазақстан Республикасы «Мәдениет қайраткері» белгісімен, 2004 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен», облыстық «Құрмет грамотасымен», «Қазақстанның құрметті журналисі» атағымен марапатталған.
Жақсылық Шайманұлы еңбек жолын аудандық «Коммунизм жолы» газетінде қатардағы тілші болып бастап, 11 жыл «Сырдария» газетінде бас редактор қызметін атқарған. Облыстық «Ленин жолы» газетінде 1979-1983 жылдары әдеби қызметкер, ал 1996-2008 жылдары «Сыр бойы» газетінің бас редакторы болды. 2005 жылы «Сыр бойы» газеті Қазақстан Журналистер академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық сыйлығы «Алтын жұлдызды» жеңіп алды.
Облыстық турнирде жеңімпаздарға диплом мен қаржылай сыйақы берілді.
Бірінші орын жүлдесін «Қазақстан Ұлттық арнасы» меншікті тілшілер қосынының телеоператоры Нұрлыбек Нұрмаханов жеңіп алды. Екінші орын «Қоғам» телеарнасының монтажері Ержан Батыршаевқа тиесілі болды. Үшінші орынды екі ойыншы – «Халық» газеті бас редакторының орынбасары Рыскелді Жахман мен «Қызылорда» телеарнасының телеоператоры Шыңғыс Жұмахан иеленді.
Арнайы жүлде «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлына табысталды. Марапаттарды «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов және қаламгердің ұлы Манарбек Рахматулла тапсырды. Ұйымдастырушылар турнирге белсенділікпен қатысқан барлық ойыншыға алғыс айтып, спорттық шараның дәстүрлі түрде өткізілетінін жеткізді.
Турнирге қаламгердің ұрпақтары демеушілік етті. «Qyzylorda» және «Қоғам» телеарналары спорттық шараның ақпараттық қолдаушысы атанды.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»






