Қаламгер келбеті һәм Арал

6

0

Өткен жылдың соңғы айында қаламдас досым әрі құрдасым Жолдасбек Ақсақаловтан аяқастынан айырылып, жабырқап жүргенімде әріптес Еркін ағам: – «Кенжалы, түсінем, Жөкеңді мен де қимаймын, енді саған аға әрі досың боламын» дегені жүдеу көңілге дем берген-ді. Көзіме ыстық жас кеп қалды. Арқалы ақын Дүйсенбек інім де солай деген-ді. Күрең күннің көлеңкесінде қалғандай күй кешкен сәтте «дос әрі ағаң болам» деп Ер-аға ерлік жасады, ауыр ойды жеңілдетті. Бес күн тірлік деген осы ғой, бірде мұң, бірде шаттық сыйлаған. Содан қуаттана келе Еркін ағамның, досымның қаламгерлігі жайлы сыр тарқатуға бет бұрдым. Өйткені мерейлі 75 жасқа келіп қалыпты.

Журналистикаға қадам ауылдан басталған

Еркін Аққалиұлы Аралдағы Үш­шоқы тауынан әрі асатын «Қыземшек» атты төбенің төскейінен орын тепкен Жалаңаш елді мекенінде 1951 жыл­дың 2 ақпанында жарық дүниеге келген. Аққали ұстаздың шаңырағына шат­тық сыйлаған сары бала өмірді көр­сем, білсем деп, зерек, алғыр, ши­рақ, пысық, зейінді, бірбет болып өс­ті. Сол зеректігінен болар, мектепте оқып жүргенде-ақ шағын мақалалары ау­дандық «Толқын» және облыстық «Ленин жолы» газеттеріне үзбей шыға бастағаны. Оқушы болса да жазушы, тілші бала атанды. Сол жазғандарына азын-аулақ қаламақы келіп тұрды. Бұл әке үшін зор қуаныш, бала үшін үлкен мәртебе еді. Ауылдың жылт еткен жа­ңалығын, балықшылардың тынымсыз тірлігін, мектеп өмірін, шынайы кө­рінісін оқырмандарға жеткізе білді. Тіл­ші бала ауылының мәртебесін осылай асқақтатты.

Мұндай жетістікке жетуіне Әбді­рейім Есендіков аға­йының қосқан үлесі зор еді. Мектеп қабырғасында жүр­ген­де жол сілтеп, бағыт-бағдар берді. Ауыл баласының жур­на­листикаға алғашқы қадамы осылай басталды. Онжылдықты бітірген соң Н.Гоголь атындағы пединс­титуттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы тәмамдады. Сол жылы Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетіне әдеби қызметкер болып орналасты. Ауданның кез келген саласын жазғанда нақты дәйектер мен деректерге сүйене отырып, көлеңкелі тұстарды дөп басып сын садағына іле білді. «Жазғанның үстіне жаза түссем» деген отты кезі еді бұл. Осы еңбегінің ар­қасында аудандық газеттің жауап­ты хатшысы қызметіне көте­рілді, сын материалдары арқасында танылды. Анау-мы­нау емес, Коммунистік пар­тия­ның белсенді мүшесі, төс қалта­сын­да қып-қызыл партбилеті бар. Пар­тияның се­німінен шығу оңай емес. Га­зетке алғаш келгенде аудан басшы­сы шаруашылықтардың күнгей мен кө­лең­ке тұстарын ашық жазып көр­се­туді тапсырған болатын. Ерекең «Қа­ра­өзекке қар жаумай ма?» атты ең ал­ғашқы сын материалын жариялайды. Ең қызығы шар­уа­шылықтың партком хатшысы әкесінің туған інісі Әбжәми Сұлтангереев еді. Ол кезде газетке шық­қан сыни материалдар ауданның бюросында арнайы қаралатын. Содан шаруашылық басшысының жұмысы бюрода қаралып қызметімен қоштасса, қалған басшыларға қатаң сөгіс жарияланды. Сонда Әбжәми ағасы ренжудің орнына: «Сенің бұл жазғаның өте дұрыс болды. Сол сынның арқасында мініміз түзелді» деп арқасынан қағыпты.

Тағы да он шақты сын материалды бірінен соң бірін жазды. Көп іс тын­дырғандай болған, аяқастынан аудан­ның бірінші хатшысы шақыртады. «Ол былай болған» деп Ерекең кезінде айтып берген еді.

Партбилетті столға қой…

Сонааау 1980 жылдың шамасы. Бір күні ойламаған жерден «Ауданның бі­рінші хатшысы Нәлқожа Ергешбаев ша­қырып жатыр» деген хабар алды. Бармасқа амалы жоқ.

Барса атшаптырым кабинетте түне­ріп отыр екен. Онсыз да не боп қалды екен деген сан түрлі оймен келген.

Н.Ергешбаев «Сен бала, бес-алты сын мақала жазыпсың. Көлеңкеден арылып, күнгей бетке шығатын күнің бар ма? Жоқ, әлде?» деді. Ерекең ойын да, бойын да тез тежеп, қойылған сауалға ойланбастан: «Аға, жақсыны да жазып жатырмыз ғой, десе де «сын түзелмей, мін түзелмейді». Қайта кемшілікті жазып…» дегенде, бірінші хатшы бірден: «Тоқтат. Партбилетті столға қой» деп орнынан тұрыпты.

Сонда Еркін ағамыз «Партбилетті бір сіздің қо­лы­ңыздан емес, он бір бю­ро мүшесінің қатысуымен алдым. Со­лардың төрт көзі түгел болса, бердім партбилетті» деген. Ергешбаев орнынан түрегелген бойда бұған беттейді. Ерекең сол сәтте, «қарсыласып нем бар еді, шаруам бітті» деп ойлап тұрған.

Нәкең: «Дұрыс айтасың, сын са­дағына іліккен шаруашылық басшылары сыбағаларын алды. Әкел қолыңды» деп қолын жымия ұсынды.

Сөйтсе сын жазғаны үшін емес, риза болғаны үшін шақыртқан екен. Бір жағынан партияға деген құрметі мен адалдығын сынаған. «Міне, сол кездегі тұлғасы биік, кеудесі ашық, қоғамға на­ғыз жанашыр азаматтың ісі» деп Еркін ағамыз өткен шағын сағына есіне алған еді.

Шет ауылдағылар шет тілін қайдан білсін?

Онжылдықты бітірісімен Еркін Әбілов Алматыға ҚазГУ-ге түсуге жол тартты. Барып құжаттарын тапсырған. Бірақ түсе алмады. Емтиханнан құ­лайды. Оның басты себебі – ағылшын тілін білмегені. Сол жылы емтиханға шет тілі еніпті. Тиісті пәндерді 4-5-ке тапсырған-ақ еді. Осыған ашынған Ере­кең «Шет ауылдағылар шет тілін қайдан білсін?» атты көлемді материалды республикалық «Лениншіл жастан» бұрқ еткізеді. Бұны қолдаған қаншама ауыл түлектері өз пікірлерін білдіріп, алғыс айтты.

Ақыры еңбек ете жүріп 1982 жы­лы қазақтың әл Фараби атындағы мем­лекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.

Білім мен мәдениет саласындағы жылдар

Иә, адам болғасын, пенде болғасын оның міні де, мінезі де болады. Ол да Құдайдың жаратқан құлы, Алланның пендесі ғой. Біздің Еркін ағамыз мінезді адам. Аяқастынан бұлқан-талқан болады да, тулаған теңіз толқынындай тез кері қайтады. Өйткені Ерекең сол айдынды Арал теңізінен нәр алып, жа­ғасында қайралып, құмына аунап өскен. Теңіз перзенті осылай болса керек.

Еңбек жолына қарасаң, лауазымды қызметтерді атқарған. Әуелі 1988 жылы Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектептің директоры болды. Оны төрт жыл басқарып, білім саласында жаңашыл басшы ретінде мектепті ауданға танытты, білім беру сапасын арттырып, түлектері жоғары оқу орындарына көптеп түсе бастады. Осылай төмендеп қалған мектепті алға жетелей бастаған шақта партияның ұйғарымы бойынша алдымен Жалағаш аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, со­дан кейін атқару комитетінің іс бас­қа­рушысы қызметтеріне жіберілді. Бі­­лікті маман ретінде сол кезеңдегі пар­­тия және кеңес қызметін мінсіз ат­қарды.

Содан 1992 жылдың басында Арал ауданы әкімінің кеңесшісі қыз­метіне тағайындалды. Көп ұзамай іс­керлік, ұйымдастыру қабілетінің жо­ғары екенін байқаған аудан әкімдігі оны аудандық мә­дениет бөліміне бас­шылыққа жіберді. Ұжымның тілін та­уып, тез табысып, айнымас дос болып кет­ті. Өйткені оның жаны да, ма­мандығы да, өзі де өнермен үндеседі. Сол кезде өнер иелерінің тұрмыстық, әлеу­меттік жағдайын көтеруге күш-жігерін жұмсады.

Осыдан 3-4 жыл бұрын Аралдың ақиық ақыны Толыбай Абылаевтың ме­рейлі 70 жасқа толуына орай аудан орталығында өткен шығармашылық кешке Еркін ағам екеуміз барғанда, аудан өнер­паздары оны ортаға алып, өздеріне жасаған жақсылығын айтып, қошемет көрсеткенін көзбен көріп, бір марқайып қалғаным бар.

Газетке қайта оралу

Содан 1996 жылы аудандық «Тол­қын» газетіне бас редактор болып бас­пасөз саласына қайта оралды. Келе сала «Толқынның» атауын сақтап қал­ды. Газеттің сапалы шығуына, мезгіл жүгін көтеретін мақала жазылуына ден қойды. Оқырмандар іздеп жүріп оқи­тын жағын қарастырды. Сөйтіп 12 жыл­дық мемлекеттік қызметті қайтадан қаламға ауыстырды.

Газет жұмысының қандай ауыр екенін тек журналистер ғана біледі. Оның қызметі халыққа арналған. Әлі де сол қалпы өзгерген жоқ. Содан болар, жуырда ғана газет пен журналдың халыққа бұрынғыдай қажет екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев республикалық «Түркістан» га­зетіне берген сұхбатында жан-жақты атап өтті.

Бұл жөнінде байырғы журналист: «Газеттің беделі мен абыройы қа­шаннан биік болатын, әлі де солай. Осыны байқаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев газет-журнал­дардың қазақ руханиятының негізгі құралы екенін атап өтуі баспасөзді бағалауы деп түсінемін. Енді жергілікті билік баспасөздің рөлін арттыруға барынша күш салады деп ойлаймын» деп көзқарасын білдірді.

Еркін Аққалиұлы өте еңбекқор жан. Жұмысымен қатар, жеке шығар­машылығын да өрбітті. «Адам бір көш­кен керуен», «Үлкен саясат: тұлғалар мен тағдырлар», «Өтпелі кезеңнің қай­сар қазағы», «Теңізбен тағдырлас», «Жер-анамен тағдырлас тұлға», «Қос қайың», «Абзал» атты бірнеше көркем және хикаят кітаптардың авторы.

«Қыземшек» атты төбенің аңызы туралы тарихи-танымдық туындысының республикалық «Лениншіл жас» газе­тінде жариялануы қаламының желді екенін көрсетсе керек. «Арал – анам келе жатыр, Арал – анам», «Те­ңізбен тағдырлас» хиқаят­тарында Арал, он­дағы адамдар тағдыры, теңіздің келе­шегі жайлы тебірене, терең толғаныспен баяндаған. Бүгінгі Арал өңірінің мә­селесі төңірегінде келелі ойларды қоз­ғаған. Қаламгер мен Арал үндесіп жатқандай, туған жер тағдырын ойлап жабығады, оның келешегі не болар деп қамығады. Арал адамнан араша күтетінін жазушы қаламы арқылы шынайы жеткізе білген. Осы елеулі еңбегінің арқасында «Арал ауданының құрметті азаматы» атанды.

Туған елдің жанашырына айналған айтулы қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еркін Әбіловті 75 жасымен құттықтаймыз! Алдағы уақытта халқы сүйсініп оқитын соны дүниелер күтеміз.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі