Қалжа: салт, қамқорлық, құрмет

44

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кейінгі кездері ірі қалаларда «Қалжа» орталықтары ашылуда. Орталық жаңа босанған ана мен сәби күтіміне ден қояды. Мұндай қызмет түрін пайда­ланушылар саны да жыл сайын артып келеді. Осы тақырып аясын терең білу үшін зерттеп көргенбіз. 

Алдымен «қалжа» деген сөзге түсінік берсек. Қалжа – жас босанған әйелге арнап пісірілетін тағам. Жаңа босанған әйелге қой сойып, ақ тілеу айтып, қалжа жегізеді. Себебі аяғы ауыр кездегі тер шықпаса, ана мен баланы қырық түрлі қырсық шалады, «қалжа жемеген әйелдің баласы ынжық болады» деп ырымдайды. Бүгінде көне салт жаңа бағыт алып, тіпті арнайы орталық ретінде ашылып жатыр.

Өңірде алғашқылардың бірі болып «Қалжа» орталығын ашқан Гүлдана Өскенбай мен Динара Насырова бұл қызметке сұраныс болғандықтан идеясын іске асырған.

– Бастапқы кезде массаж курсын оқыдым, білікті мастерлерден дәріс алдым. 2020 жылы алған білімім бойынша жұ­мыс істедім де, өзіме ұна­ған іс арқылы саланы терең зерт­тей бастадым. Қасым­да­ғы әріптесім ұсыныс біл­діріп, қалжа орталық­тарының өзге өңірлерде бар екенін білдік. 2023 жылы орталықты ашу үшін дайындықты бастадық. Ана мен бала үшін қажетті барлық құрал-жабдықты сатып алдық. Жаңа босанған ана мен сәби үшін қызмет түрлерін ұйымдастырдық. Орталыққа келген ана денсаулығын қалпына келтіріп қана қоймай, оған гинеколог, психолог, педиатр мамандарының да қызметін қостық. Анаға қажетті ем-дом шаралары жасалып жатқан кезде сәбиге де күтім көрсетіледі, түрлі пакеттер ұйымдастырылған. Келуші таңдаса, біз қызмет көрсетеміз, – дейді Гүлдана Өскенбай.

Мамандар жыл өткен сайын бұл орталықтың жұмысы жанданып келе жатқанын, шетелдерде мұндай қызмет әлдеқашан дамып кеткенін айтты.

Қалжа: салт, қамқорлық, құрмет

– «Қалжа» деген ұғым бізге тансық емес, ата-бабамыздан жалғасып жатқан салт-жоралғы. Жас ана босанған кезде ерекше күтім жасалған. Қырық күн бойы баласының қасынан алыстатпай, жас қойдың сорпасын берген. Үйдің босағасына мойыномыртқаны іліп қойған. Сонда үйге келген қонақ жас босанған ана барын біліп, қайта кері қайтқан. Осылайша дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырып, заманауи қалжа орталығын аштық, – дейді маман.

Орталық мамандары мұндағы әр анаға арналған қызметтің қалай көрсетілетінін таныстырып шықты. Балаға арнайы маман қарайды. Суға түсіреді, дене массажын жасайды, тырнақ-шашын алып, қол-аяғын созады. Билирубинін азайтуға дейінгі процедура жүргізіледі. Нәрестеге арналған жабдықтар да жет­кілікті. Бесік те, қосымша сүт ішуге арналған құтының да түрі көп. Құты арнайы медициналық аппаратта тазаланады. Анасы қажетті ем-домын жалғастырады.

– Орталықта анаға арналған күтімнің ерек­ше түрі – шілде шипасы. Бұл тез сауықтырып, күш жинатады. Осылайша 40 күн ерекше күтеді. Бұл – жай ғана ырым емес, табиғи терапия. Терлегенде бойдағы суық шығады, қан айналымы жақсарады, бұлшықеттер тез қалпына келеді, ағза токсин, шлактан, тұздан тазарады. Біз күндік, одан да көп күнге арналған емдеу әдісін ұйымдастырдық. Қанша күндік пакет қажет, оны ана өзі таңдайды. Шілде терін шығарған соң, дене массажын жасаймыз, бамбук банкасы қойылады. Стоун, Йони-стим және от терапиясы жасалады. Сондай-ақ аналарға бенкунг әдісін үйретеміз, – дейді ол.

Орталық жас босанғандарға ғана емес, сәбилі болғанда күтіне алмаған аналарға да қызмет көрсетеді. Оған арнайы пакет ұсынылады. Шілде тері шықпаған әйелдің ағзасында уақыт өте келе артрит, артроз сияқты ауру пайда болып, белін тіктей алмай қалады.

– Көпшілік  шілде тер тек босанған кезде ғана шығады деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Уақыт өте келе де ем алуға болады. Біздің орталықта осындай қызмет түрі барын біліп, қаншама ана хабарласты. Ем-дом алған соң жақсарып қалғандарын айтып, алғысын білдіреді. Әрине, әр ананың денсау­лы­ғының жақсаруына септігіміздің тигеніне қуанып қаламыз, – дейді Динара Насырова.

Жас ана жағдайына бай­ланысты «Қалжаға» келе алмаса, олар өздері үйіне барады. Ор­талықта көрсетілетін қызметті үйде де көрсете алады.

– Жас аналар өздері ой салады. Үйге келу қызметін қарас­тыр­саңыздар деген секілді. Он­да да барлық процедуралар жүр­гізіледі. Алғашқы нәрес­тесін босанған анаға ба­рынша кеңес беріп, өзінің, бала­ның ден­саулығын қалай күтуді үйре­теміз. Күніне екі-үш  үйге барып, тиісті жұ­мы­сымызды жүр­гіземіз, – дейді ол.

Гүлдана мен Динара қазір жұмыстың қыр-сырын әбден меңгеріп алған, демалыста да тын­байды. Өздерін жетілдіру үшін білім алып, ізденуден жа­лықпайды. Нәтижесінде істері алға жылжып, көп­тің ықыласына бөленіп жүр. 

«Қалжа» ұғымы туралы Зейнеп Ахметова былай деп түсіндіреді. «Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеліп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді» деген. Сондай-ақ жазушы жігіт әлжуаз болса құрдастары «әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» деп қағытқанын да айтады. Тіпті қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеліп жатады, бірақ қалжа, негізінен келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парыз екенін келтіреді.

Қала тұрғыны Баян Арғынова қарашаңырақта үш келінімен бірге тұрады. Ол қалжалаудың жас ана үшін маңызы зор екенін айтады. Сол себепті келіндері өмірге сәби әкелген кезде ерекше күтетінін айтады.

– Кемі алты айға дейін жағдайын жасаймын. Босанар уақыты жақындаған кезде қой етін алдырамын. Шілде тері шыққанша 40 күн сорпа беріп, бөлмесінен шығармаймын. Немеремді суға түсіріп, жаттығуын жасап, бесікке бөлеймін. Келінге ауыр зат көтеруге, суықта жеңіл киінуге жол бермеймін. Уақыты келгенде медициналық тексерістен өтіп, денсаулығын түзейді. Бәріміз де жас болдық. Өзім 8 баланы өмірге әкелдім. Ауылда жағдай болмады. Босанып келіп, үй шаруасына кірісіп кеттік. Әрине, ол кезде жастықпен білінбеді. Кейін беліміз жазылмай, буындарымыз сырқырайтын болды. Уақыт өте келе келіндерім осылай қиналмас үшін барынша күтінуге жағдай жасаймын. Ал заманауи қалжа орталығының ашылуы дұрыс деп санаймын. Себебі күтіне алатын да, алмайтын да ана бар. Орталық – оларға таптырмас мүмкіндік, – дейді зейнеткер.

Жас ана – ұрпақ жалғастырушысы. «Қалжа» орталы­ғы ұлттық дәстүрлерге негізделген, заманауи медици­налық стандарттарға сай қызмет көрсетеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»