Балалардың жан-жақты дамуы кез келген қоғамның басты құндылығы. Осы мақсатта жұмыс атқаратын «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған маңызды мекеме.
2015 жылы пайдалануға берілген аймақтағы іргелі орталықтың негізгі мақсаты тынығуды, оқуды, сауықтыруды, мәдени-көпшілік және спорттық шараларды ұйымдастыру болып табылады. Орталық қазіргі таңда жылдың төрт мезгілінде оқушыларды Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге дайындау, оқушыларға ғылым бағыттары бойынша қосымша білім беру, сауықтыру шараларын ұйымдастыру және спорттық, мәдени-көпшілік шараларды өткізу сынды негізгі бағыттар бойынша қызмет атқарады.
Жазғы маусымда 7 ауысым бойынша жұмыс жасайды. Орталықта тұрақты 30 қызметкер жұмыс істейді. Жазғы маусымда жыл сайын 1000-ға жуық бала жазғы демалыспен қамтылуда. Лагерь бағдарламасы балалардың қызығушылығы мен психологиялық жас ерекшеліктерін есепке ала отырып топтарға бөлініп, тәрбиешілер мен үйірме жетекшілері балалармен белсенді жұмыс атқаруда. Орталықтың сырты 2024 жылы облыстық бюджет есебінен толықтай қайта қапталып, ағымдағы жөндеуден өтті.
«Қамбаш» сауықтыру орталығы жаз уақытында балаларды демалыспен қамтумен қатар 15 түрлі үйірмелер жұмысы жолға қойылған. Әрбір тынығушы өздерінің қалаған үйірмелеріне барып, өз уақыттарын әрі тиімді әрі қызықты өткізеді.






