Қамбаштағы нән жайындар

1755

1

Қамбаш көлі – Арал ауданына қарасты Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан. Көл Қызылорда қаласынан 400 шақырым, Арал қаласынан 60 шақырымдай жерде жатыр. Көл жағажайы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автокөлік трассасының бойында орналасқан. Сол себепті де, келетін туристердің саны жылдан жылға артып келеді.

Қамбаш көлі – Сыр өлкесінің брендіне айналған демалыс орны. Суының емдік қасиеті бар – суының тұздылығы венерологиялық ауруларға бірден-бір ем, ал мөлдірлігі сондай судың түбін көруге болады. Көл суының тұзды болуы ондағы балықтардың дәмді болуына тікелей әсері бар. Қамбаш көлі балықтарының үлкен сұранысқа ие болуы сондықтан болса керек. Айтпақшы, мұнда сазан, шортан, алабұға, жайындар көптеп кездеседі. Жайындар туралы төменде бөлек айтатын боламын. Көлде қаз-үйрек, жағасында жабайы шошқалар мекен етеді. Ғалымдардың айтуынша, Қамбаш көлі Арал теңізінен екі мың жыл бұрын пайда болған.

Сырдария алабындағы ең ірі көл – Қамбаштың атауы «Қамыстыбастан» шыққан. Атау ертеде көлдің айналасы ну қамыс болып, көл мүлдем көрінбегендіктен «қамыс басып кеткен» деген сөзінен шыққан. «Қамыс бітік өскен жер» деген мағынаны береді. Жергілікті халық «Қамбаш» деп қысқартып атайды. Қамыстыбас деген ауылдық округ бар. Бұл жер ХІХ ғасырдың басында Хиуа хандығының жаугершілігіне қарсы Сыр қазақтарының ұйымдастырушысы Жанқожа батырдың сарбаздарына қару-жарақ соғушы темір ұсталарының мекені болғанын білетін бе едіңіз? Тарихи деректерде 1904 жылға дейін Қамыстыбас жері Темірші аталған. Теміршіден дайындалған қару-жарақтарды Хиуа хандығына ғана емес, орыс отаршылдарына да қарсы пайдаланған. Орыс отаршылдары 1904-1905 жылдары Орынбор-Ташкент теміржолының ашылуына байланысты іргелес елді Қамыстыбас атап кеткен деседі.

Л.С.Берг – Арал аймағын зерттеген ғалым. Сыр өңірінің балық шаруашылығы да назарынан тыс қалған жоқ. Жайындар туралы көп зерттеген де осы ғалым. Ол 1896-1902 жылдары Арал қаласындағы балық шаруашылығында бақылаушы инспектор болған. 1908 жылы «Арал теңізі» бойынша докторлық диссертациясын қорғаған Л.Бергтің зерттеуінше, Сырдарияның төменгі ағысы мен Әмударияның Зарафшанға дейінгі аумағында жайындар көптеп кездескен. Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасында көктемгі кезде жайындар тізбектеліп, бақалар мен ұсақ балықтарды жұту үшін жататын еді деген қызықты деректер келтірген. Расында қызық ақпар, келісесіз бе?! 1905 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан «Түркістан өңірінің балықтары» еңбегінде Перовскіде ауланған жайындардың әрқайсысының салмағы 12 пұт, яғни 192 кг екендігін жазған. Сол кезде Қазалы уезіне қарасты Қаракөл мен Қамстыбас көлінен жылына 15 мың пұт, яғни 240 мың тонна жайын ауланғанын, оның әр пұтына 75 тиын төленгенін айтқан. Қызығы, Л.Берг адам жейтін жайындар туралы деректер келтірмеген. Дегенмен, Арал өңірінде жайындардың адамға шабуыл жасағанын А.К.Рейнс өзінің 1866 жылы жарық көрген «Түркістанға саяхат» күнделік-жазбасында айтып кеткен. Бас штабтың ғылыми зерттеулер жөніндегі ерекше тапсырмалар орындаушысы болып 1865 жылдан бастап жұмыс жасаған А.Рейнс жайындар жайында қызықты мәліметтер қалдырады. Ол өз күнделігінде былай дейді: «Күн ыстықта №1 Қазалы фортына келіп, суға түспекші болғанымда, қасымдағы полицей суда адам жейтін жайындар барын ескертіп, суға түспеуімді сұрады. Полицей Сырдарияда 300-400 кг болатын жайындардың адамға жасаған шабуылын көргенін айтты». Рейннің баяндауы бойынша, Самар полкінің солдаттары суға түсіп жатқанда бір унтер-офицер бар дауысымен айқайлап, оған екі солдаттың көмекке барған. Судан шығарып алмақшы болған қос солдатқа офицер қарсылық білдірген екен. Жайын офицердің белінен тістеп тұрған көрінеді. Тартқан сайын жанына батқан офицердің өлі денесі Қазалы қаласы маңынан табылған. Жайын бір аяғын беліне дейін жұтып қойған екен. Ихтиологтар «жайынның тістері майда, сондықтан жемтігің су түбіне апарып, ісінген соң жұтуға ғана шамасы келеді» дейді. Халықтың көп жағдайда жайын етін жемейтіні де сондықтан, мал не адам суға кетсе, жайын ісінген етті таңдамай жұта беретін көрінеді.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі» залында Қамбаш көліне арналған арнайы витрина бар екен. Қамбаштың өткені мен бүгіні, ондағы тіршілік атауы, жағажайдан орын тепкен «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы туралы толық мәлімет алуға болады.

Н.Талапбек,

Қ.Мұхамеджанов атындағы

№1 мектеп-гимназиясының

8-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<