Бейсенбіде Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қазақстан халқына» ҚҚ донорларымен стратегиялық жоспарлау және өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Шыңғыс Шарапиев, «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.
Бұл орталықтың жұмысы туғаннан үш жасқа дейінгі, соның ішінде неврологиялық және ортопедиялық бұзылу қаупі бар сәбилерге, шала туған балаларға бағытталған үздіксіз сүйемелдеу жүйесін қалыптастырады. Туғаннан үш жасқа дейінгі балалар ерте араласу орталығында көмек алса, 18 жасқа дейінгі балаларға Қызылорда қаласындағы және Жаңақорған, Арал аудандарындағы «Қамқорлық» оңалту орталықтары қызмет көрсетеді.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет сөз сөйлеп, жиылғандарды балалар денсаулығына қызмет ететін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кету керек, жаңа нысан «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен әлемдік өндірушілердің заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған. Мамандар вертикализатор, rifton тренажерлері мен модульдерін, реттеуші комплекттерді, «Атлант» костюмдерін, сенсорлық және шунгиттік бөлмелерді, тұзды шахта, иммерсионды ванна, сондай-ақ ЭЭГ, диагностикалық жүйелерді пайдаланады. Мұндай жабдық ерте оңалту бағдарламаларын сапалы жүргізуге және мүгедектік қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
– Қызылордада ашылып отырған ерте араласу орталығы – «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен іске қосылған 47-ші оңалту орталығы. Бұл орталықтарда жылына 30 мыңға жуық балалар мен ересектер кешенді оңалту көмегін алады. Оңалтумен бірге, инклюзивті білім беру, әлеуметтендіру бағытында қор еліміз бойынша 26 инклюзия кабинетін ашты. Жыл соңына дейін тағы бес инклюзия кабинеті Атырау облысының Жылыой ауданында ашылады, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Орталық жұмысы мультидисциплинарлық принципке негізделген. Балалармен және олардың отбасыларымен невропатолог, реабилитолог, неонатолог, жаттығу терапиясының нұсқаушысы, логопед, дефектолог және психолог жұмыс істейді. Барлық мамандар «Қамқорлық» қорының қолдауымен Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында дайындықтан өтті. Бұл көрсетілетін көмектің жоғары кәсіби деңгейін қамтамасыз етеді.
Орталықта емделу үшін ата-аналар тұрғылықты жері бойынша емхана дәрігеріне барып, консультацияға жолдама алуы қажет.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





