Қай қоғамда болсын қалам ұстаған азаматтардың орны бөлек, бәсі биік. Әбеңнің ғасырлық ғибраты біздің заманымыздың ғана емес, келешектің де рухани кемелденуіне, ұлы санаға бойлап жаңғыруына сөз жоқ, ерекше ықпал етті.
Нұрпейісов осы қастерлі жолда ұлт мүддесіне қызмет жасады, ұрпақ санасына сәуле құйып, ұлы іс атқарды. Бір ғана «Қан мен тер» романы арқылы әдебиет сүйер қауымның құрметтісіне айналғанын жұртшылық жақсы біледі. Сол тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған тағылымды туынды бүгін аудандық мәдениет үйінде сахналанды.
Қоюшы режиссер Диана Кеңес және қоюшы суретші Дана Жоламанова мен өзге де мамандардың ортақ жұмысы саналған қойылым кейіпкерлерін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сомдады.
Жалпы қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан «Қан мен тер» трилогиясының өзгешеліктері мол. Дәуір тынысы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылған шығармада патшалыққа тән пәрменді екі еткізбейтін ақ әскердің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Осындай талғампаз туынды арқылы қаламгер сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін таныта білді.
Қаншама қиындықтарды басынан өткерсе де адамдық қалпын жоймаған, рухы мықты Еламан, аумалы-төкпелі заманның құрбаны аяулы Ақбала, өмір жолы әп дегенде түзу көрінгенімен, ақыр соңында адасып барып жығылған Тәңірберген – ешқашан ұмытылмайтын бейнелер. Осы қойылымда кейіпкерлер аудан өнерпаздары тарапынан өте жақсы деңгейде сомдалды. Жұртшылыққа рухани демалыс сыйлаған қойылым ауданға келген мәртебелі меймандардың жоғарғы бағасына ие болды.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<