Қар тазалау жұмыстарына адам күші мен арнайы техникалар жұмылдырылуда

6

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Бірнеше күннен бері аудан аумағында қалың қар түсіп, көлік қозғалысы мен тұрғындардың жүріп-тұруына біршама қолайсыздық туындатуда. Осыған байланысты аудан орталығы – Әйтеке би кентінде тазалыққа жауапты мекемелер мен жеке кәсіпкерлер тарапынан арнайы техника күштері жұмылдырылып, қар тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде.

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов кент аумағын аралап көріп, тұрғындарға қолайсыздық тудырып отырған аймақтарда, орталық көшелерде, орталық базар маңында және әлеуметтік нысандарға апаратын жолдардағы қарды шұғыл тазалау жөнінде кент әкімі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі уақытта арнайы техникалар мен жұмысшы күші толықтай жұмылдырылып, кент көшелері, тротуарлар және жаяу жүргіншілер жолдары қардан тазартуда.

Қар тазалау жұмыстары аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес Әйтеке би кентінің шет аймақтарымен бірге Батыс-Еуропа, Батыс-Қытай тас жолының аудан аумағындағы орналасқан кәсіпкерлік нысандарында да қарқынды жүруде.

Қазалы ауданы әкімдігі