Қара тұманның сыры

4

0

Бір заманда таудың етегінде орналасқан тыныш қалада Нұрымжан есімді жасөспірім өмір сүрді. Ол болашақта дәрігер болуды армандайтын, сабағын жақсы оқитын, ұстаздарының үмітін ақтап жүрген оқушы еді.

Нұрымжанның өмірге деген құлшынысы жоғары болатын, ал болашағына қатысты армандары мен жоспарлары өте көп еді.

Бір күні қала үстін қою қара тұман басты. Бұл тұман тек түнде пайда болып, адамдарды өзіне еріксіз тарта бастады. Оған жақындағандар уақытша барлық уайымын ұмытып, қиындықты сезбейтіндей күйге түсетін. Алғашында бұл жай ғана беймәлім құбылыс секілді көрінді.

Алайда күн өткен сайын сол адамдар қатты өзгерді. Олар тұйықталып, әлсіреп, өз жақындарынан алыстай бастады. Нұрымжан бұл жағдайды байқап, оның себебін білгісі келді. Ол ойланып, ізденіп жүріп, ақыры қаланың қарт ұстазына жолықты. Ұстаз оған шындықты жасырмай айтты.

— Бұл тұман — есірткінің бейнесі. Ол алдымен ойды тұмшалайды, кейін адамды толық бағындырады, — деді ол.

Нұрымжан қара тұманнан аулақ болуға берік шешім қабылдады. Ол достарына ескертіп, спорт үйірмесіне қатысып, бос уақытын пайдалы істерге арнады. Біртіндеп тұман әлсірей бастады, себебі оған қарсы тұрған саналы жастар көбейді.

Сол күннен бастап Нұрымжан бір шындықты терең ұқты: қара тұманнан қашу емес, оған қарсы тұру маңызды. Ал есірткіден қорғайтын ең мықты қалқан — саналы таңдау, мықты ерік және жарқын арман.

                                               Пак Мария

9-сынып оқушысы 

Шиелі ауданы, Ақмая ауылы 

№49 орта мектебі

Жетекшісі: Камбарова Алия Мырзагалиевна