Әлеуметтік желілерде Қарағанды тұрғыны жеке клиникада ота жасатпақшы болған жолдасы түсініксіз жағдайда қайтыс болғанын жариялап, көмек сұрады, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.
Әлеуметтік желідегі жазбасында Кристина Ермолова жолдасы 6 қаңтарда жоспарлы ота жасату үшін жеке клиникаға барғанын айтады.
– Кеше түстен кейін Қарағанды қаласындағы «Аланда» жеке клиникасының операциялық бөлімінде менің жолдасым Ермолов Вячеслав қайтыс болды. Мен бұған әлі сене алар емеспін. Бұл клиникаға ол асқазанына ота жасату үшін барған еді. «Аланда» клиникасы маған оның өлімінің себебі туралы әлі күнге дейін нақты түсініктеме берген жоқ. Менің сұрағым көп. Неге күйеуім қайтыс болғаннан кейін оның денесі менің келісімімсіз жеке мәйітханаға жеткізілген, маған неге хабарламаған? – деп жазады марқұмның әйелі.
Ол отаға дайындық, оның жүргізілуі жайлы толық ақпаратты талап етпекші.
– Осы уақытқа дейін операцияға дайындық қалай жүргізілгені белгісіз. Бақылаушы дәрігерлердің қайсысы жолдасымда қант диабеті бар-жоғын, қан қысымын, бала кезінде гепатит және т. б. аурулары болғанын анықтап алмай, операция жасауға ұсыныс бергенін ешкім білмейді. Анестезия енгізілгеннен кейін жолдасымның тынысы тоқтап қалыпты. Енгізілген анестезия мен релаксанттардың мөлшері де белгісіз және кейіннен реанимациялық процедуралар қалай жүргізілді? Неліктен маған оның өлімі туралы уақытылы хабарланбады және мәйіт жеке мәйітханаға еш ескертусіз жеткізілді? Бұл сонда қалыпты жағдай ма? Науқас қайтыс болған кезде дәрігерлер осылай істеуі керек пе? Мен отбасымыз үшін осы бір қиын жағдайда шындықтың түбіне жеткім келеді, – дейді марқұмның әйелі.
Әзірге бұл қайғылы оқиғаның мән-жайы анық емес. Өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері марқұмның денесін сот-медициналық сараптамаға жіберді.
– Абайсызда адам өліміне әкеп соққан медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанайда қайтыс болған науқастың туыстары жедел жәрдем фельдшерін соққыға жыққан болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<