Qarakesek лақап атымен танымал әнші сотқа мәжбүрлеп жеткізіледі

10

0

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бүгін айыпталушы Омар Амантаев сот отырысына уақытын білсе де келмей қалды

Ақтөбе қалалық сотында айыпталушы Омар Амантаевқа қатысты сот отырысы басталды. Qarakesek лақап атымен танымал әншіге Қылмыстық кодекстің 296-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Алайда ол бүгін сот отырысына келмеді. Алдымен қорғаушысы арқылы бірнеше минутқа кешігетінін хабарлағанымен, кейін мүлде қатыспайтыны белгілі болды.

— Сот отырысы күні мен уақытын біле тұра келмеді. Кешігіп келе жатқанын айтқан соң үзіліс те жарияланды. Алайда сотқа дәлелін келтірмеді. Қылмыстық-процестік кодекстің 157-бабы негізінде сотталушы Омар Амантаев сот отырысына мәжбүрлеп жеткізілсін. Сот отырысы 19-ақпан сағат 15:30–ға белгіленсін, — деді судья Т. Саликов.

Еске салсақ, былтыр күзде Ақтөбеде ескірткіге мас күйінде көлік жүргізген рэп орындаушысы Qarakesek ұсталды. Ол 15 тәулікке қамалды және ол 7 жыл көлік жүргізе алмайды.

Сонымен қатар есірткі құралдарын заңсыз пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Қылмыстық кодексінің 296- бабының 3-бөлігімен тағылған айып дәлелін тапса, әншіге 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе 200 сағат жұмысқа тартылады. Тіпті 50 тәулікке қамалуы да мүмкін.