Кеңес және Ресей теледидарының әйгілі дикторы әрі тележүргізушісі Светлана Жильцова дүниеден өтті. РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі 89 жасында ұзаққа созылған сырқаттың салдарынан көз жұмғанын оның ұлы Иван хабарлады. Марқұмды 6 ақпанда Мәскеудегі Рогожское зиратында жерлейді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Светлана Жильцова – кеңес телевизиясындағы ең танымал тұлғалардың бірі. Ол КВН ойынының алғашқы жүргізушілерінің қатарында болды. Александр Масляковпен бірге бағдарламаны 1972 жылға дейін жүргізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында «КВН-нің анасы» деген атқа ие болған.
Жильцованың Орталық телевидениедегі мансабы күтпеген жерден басталған. Тікелей эфирге санаулы уақыт қалғанда балаларға арналған спорттық мерекеде жүргізуші шұғыл түрде ауыстырылуы керек болып, Жильцова «Лужникиге» жіберілген. Эфир сәтті өткеннен кейін оған балаларға, жастарға және музыкаға арналған бағдарламаларды жүргізу сеніп тапсырылды.

Көрермен оны өз дәуіріндегі ең танымал телехабарлар арқылы жақсы таниды. Ол «Спокойной ночи, малыши», «Будильник», «Песня года», «Веселые нотки», «Пионер» тележурналының жүргізушісі болды. Сонымен қатар «Голубой огонек», «Утренняя почта» бағдарламаларына және музыкалық концерттерге қатысқан.
1993 жылы Светлана Жильцова телеэфирден кеткен соң, Жоғары ұлттық телевидение мектебінде ұстаздық қызмет атқарған.






