Қарапайым қалпын жоғалтпаған қазына

446

0

Әйел – нәзік жаратылыс иесі. Десе де, оның бітім-болмысы кез келген ердің ауыр жүгін көтеруге қауқарлы. Қазақта ерте жасынан еңбекке араласып, ерлермен бірге иық тіресе қызмет еткен әйелдер аз емес. Болмысынан мықты, қажырлы, бесаспап жанның бірі – Қазына Өзденбаева да бір бойына бірнеше талант жиған асыл жан.

Жастайынан ауыр техникаларды тізгіндеген ол кейіннен қолына қалам алып, жұртшылықты керемет туындыларымен тебірентті. Ақындар айтысында да талай мықтыны аузына қаратып, елдің қошеметіне бөленді. Бүгінде 70-тің төріне шыққан еңбек ардагері немере сүйіп, бар білген қазынасын үйретіп отыр. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, сатирик-журналист, еңбек ардагері Қазына Мералықызы қонақта болып, өзінің өмір жолын баяндап берді.

Қарапайым қалпын жоғалтпаған қазына

– Өзім Жалағаш ауданының тумасымын. Біз бой жете бастаған шақта қыздардың барлығы дерлік техника тізгіндеді. Ол кезде облыста 85-ке жуық қыз-келіншек ерлермен бірге рөлге отырдық. Мектеп бітірген бойда көлік жүргізу мектебіп оқып, жүргізуші куәлігін алдым. Осылайша «Газ 51» деген көлікті жүргіздім. Арада 1-2 жыл уақыт өткен соң «Зил-130» маркалы ауыр жүк көлігін айдай бастадым. Алайда, бұл машинаға ауысу үшін өзімді өзгелерге дәлелдеу керек болды. Есімде, тыңның 20 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінен 2 700-ге жуық азамат Қостанай қаласына жиналдық. Сол жиналған 2 700 ер азаматтың арасында мен ғана жалғыз қыз болып бардым. Бұл менің көзсіз ерлігім еді. 19 жасымда осынша ер азаматпен үш ай бірге бидай тасып, талай жерді, орман мен көлді аралау екінің бірі бара бермейтін ерлік еді. Сөйтіп, аман-есен туған жеріме оралып, еліме қызмет етуді жалғастырдым. Сонау бір жетпісінші жылдары Жезқазған трассасында, Арал мен Ырғыз арасындағы жол құрылысына қатыстым. Тіпті, таңғы сегізден кешкі сегізге дейін сегіз тісі бар соқамен 15 гектар жерді жыртып, «комбайн» мен «касемсоттан» түспейтін күндерді де басымнан өткердім. Ал жасым отызға таяған шақта домбыра үйреніп, кейін «Жас жыраулар» мектебінде айтыскер ақындарды тәрбиелейтін жетекші ұстаз болдым. Әр жылдары «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы» газеттерінде сатира бетін жүргіздім. Поэзияны бала кезден серік етсем де, сатира өнеріне аяқ асты келдім. Десе де, бұл менің бағымды ашқан өнер болды. Бүгінде 3 ұл мен 1 қыздың аяулы анасы, немерелерімнің сүйікті әжемісін. Бүгінгі күнді пайдалана отырып, барша нәзік жанды аруларды келе жатқан мерекесімен құттықтаймын! Қазақтың батыр қыздары көбейе берсін, – деді Қазына Мералықызы.

Мөлдір Сағынбаева,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<