Қарақат, Қымбат және Сымбат: Атырауда үшем дүниеге келді

6

0

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Атырау облыстық перинаталдық орталығында 29 жастағы келіншек 6 ақпан күні үш қызды дүниеге әкелді. Бүгін ана мен кішкентайлар перзентханадан шықты. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәрестелердің салмағы 1 келі 921 грамм, 2 келі 275 грамм және 2 келі 204 грамм. Бойлары 44–45 сантиметр аралығында.

Бұған дейін отбасында бір ұл және екі қыз тәрбиеленіп келген. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта ана мен балалардың жағдайы жақсы.

— Басында таң қалдық. Кейін дайындыққа кірістік. Жүктілік жеңіл, жақсы өтті. Балаларымның арасы 1 минуттан. Оларға Қарақат, Қымбат және Сымбат деген есімдер қойдық, — деді көпбалалы ана Әселхан Кеңесова.

Айта кетейік, Атырау облысында үшемдердің дүниеге келуі сирек кездеседі. Соңғы рет мұндай жағдай 2024 жылы тіркелген. Сол жылы екі отбасы осындай қуанышқа кенелген.