«Қарасора-2025»: Қызылорда облысының Полиция департаментінде нұсқаулық жиыны өтті

344

0

Фото: Полиция департаменті

ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес Қызылорда облысының Полиция департаментінде «Қарасора – 2025» жедел профилактикалық іс-шарасының ашылуы қарсаңында құқық қорғау және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп атқарылатын іс-шаралар кезінде туындайтын мәселелер бойынша нұсқаулық жиын өтті.

Жиынға Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Тоқтыбаев Серік Әбдімәуленұлы төрағалық етті.

Нұсқамалық кеңеске департаменттің басшы құрамы, Қызылорда облысының прокуратурасы, Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық Ұлан 5547 әскери бөлімі, Қызылорда станциясындағы Желілік Полиция бөлімі, Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы, Жер қатынастары басқармасы, Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының өкілдері мен еріктілер қатысты.

Кеңесте 1 маусым – 31 қазан аралығында республика көлемінде өтетін кең ауқымды «Қарасора – 2025» жедел профилактикалық іс-шарасына дайындық жұмыстары талқыланды.

«Жалпы іс-шараға қызметкерлердің, техникалардың дайындығы толық қамтамасыз етілді.

Жергілікті атқарушы және басқа құқық қорғау органдарымен бірлескен жоспар бекітіліп, жұмыс топтары құрылды.

Ағымдағы жылғы 28 мамырда облыс әкімдігімен Ведомствоаралық штаб отырысы өткізіліп, қала, аудан әкімдеріне іс-шараны тиісті дәрежеде ұйымдастыру туралы нақты тапсырмалар берілді.

Барлық аудандық полиция бөліністерінде мобильді-іздестіру және жедел-тергеу топтары жасақталып,
күш-құралдарды орналастыру жоспары әзірленді. «Қарасора – 2025» жедел профилактикалық іс-шарасының өткізілу барысы қатаң бақылауда» деді С.Тоқтыбаев.

Қоғамды үлкен қауіпке апарар есірткі тасымалдау, есірткі өндіру қылмыстарымен күрес тоқтамақ емес. Бұл мақсатта Қызылорда облысында жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».