«Қарасора»: Еліміздің 4 өңірінде 7 есірткі алқабы жойылды

294

0

Фото: Облыстық ПД

«Қарасора» операциясы барысында еліміздің 4 өңірінде 7 есірткі алқабы жойылды. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов айтты.

«Қарасора» республикалық арнайы операциясын өткізу жалғасып жатыр. Оның негізгі мақсаты — құрамында есірткісі бар өсімдіктерді жинаудың, сақтаудың және өткізудің жолын кесу, есірткіні тасымалдау арналарын анықтау. Операцияның басынан бері, 1 маусымнан бастап 295 есірткі қылмысы тіркелген. Есірткіні өткізу фактілері бойынша — 98, есірткі сақтағаны үшін — 66, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді еккені үшін 90 қылмыстық іс қозғалды. Есірткі контрабандасының 36 фактісінің жолы кесілді. 14,5 тонна есірткі заңсыз айналымнан алынды. Олардың ішінде 12 тонна 700 келі марихуана, 27 келі гашиш, 40 келі синтетикалық есірткі тәркіленді», — деді ол ведомствода өткен брифингте.

ІІМ өкілінің дерегінше, Қызылорда, Алматы, Жамбыл және Абай областарында 7 заңсыз егістік жойылды. Шамамен 4 мыңдай апиынды көкнәр және 12 мың бұта үнді қарасорасы тәркіленді. Тәркіленген өсімдіктердің жалпы салмағы 13 тоннадан асады. Мәселен, өткен аптада Алматы облысында Бақанас ауылынан солтүстікке қарай жер учаскесінде қарасораның ірі есірткі плантациясы жойылды.

«Жеті күдікті ұсталды. Үнді қарасорасының 5 мыңнан астам бұтасы жойылды. Есірткі плантациясын қарап тексеру барысында генератор, су сорғысы, суару жабдығы, тыңайтқыштар және құрал-саймандар табылды», — деді Бақытжан Әмірханов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<