Соңғы жылдары қараусыз малдың кесірінен жол апаты жиі тіркеліп, қайғылы оқиғалар азаймай тұр. Бұрындары «жоғары жылдамдықпен жүрді» деп шопырларды кінәласақ, қазір төрт түлігін бақпайтын мал иелеріне шағым көп.
Көліктердің жол үстінде жылқы мен сиырды қағып, апатқа ұшырауы Ішкі істер министрлігі басшылығын да алаңдатып отыр. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын елімізде 100-ден астам мал қағу дерегі тіркеледі екен. Жалпы, жылына қанша апат болатыны нақты белгісіз. Себебі көлік пен малдың соқтығысуы салдарынан адамдар зардап шеккенде ғана оқиға құзырлы органдарда тіркелетін көрінеді.
Төрт түліктің кесірінен туындайтын жол-көлік оқиғалары Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының тас жолдарында жиі тіркеледі екен. Жайылым жерлердің құнарсыз топыраққа айналғаны малдың шөп іздеп, жолды әрі-бері кесіп өтуіне алып келеді. Бақташының жоқтығы да үлкен проблемаға айналып отыр.
Мәселені шешу үшін Атырау облысының билігі ірі қара малы бар тұрғындарға жарық шағылыстырғыш ленталарды таратуды қолға алған. Көлік жүргізушісінің дер кезінде жол апатынан сақтануына малға тағылған жарық шағылыстырғыштың көмегі көп. Мұндай жабдықтар Атырау-Доссор-Құлсары-Бейнеу республикалық маңыздағы автокөлік жолының Жылыой ауданы тұсындағы, автокөлік жолына жақын орналасқан және үй жануарларының жолға шығу қаупі бар деген шаруа қожалығы иелеріне үлестірілген.
Малды қараусыз жіберген тұрғындардың кінәлі екені түсінікті. Дей тұрғанмен көлік иелері жылдамдықты шамадан тыс арттырмаса, апаттың алдын алуға болатыны сөзсіз. Бұл ретте, Атырауда республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда автоматты жылдамдық өлшегіштер жұмыс істейді. Облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қала сыртындағы республикалық Ақтөбе-Атырау-Астрахан, Атырау-Орал және облыстық маңызы бар Атырау-Индер тас жолдарына «Кордон» автоматты жылдамдық өлшегіш құралдары орнатылған. Аталған құрылғылардың негізгі міндеті – жылдамдықты шамадан тыс арттырған көліктерді анықтап, сол арқылы жүргізушілерді заңда көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту.
Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр алғашқы 5 айда облыс аумағында төрт түліктің кесірінен 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам тіл тартпай кеткен. Алты адам жарақат алған.
«Биыл 5 айда 2 жол-көлік апаты болды. Бір адам қайтыс болып, екеуі жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс аумағында полиция тұрақты түрде рейд жүргізіп, автожолда бақташысыз жайылып жүрген малдардың иелерін жауапкершілікке тартып жатыр. Полицейлер барлық мал иесіне ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін қатаң сақтау туралы ескертеді. Үй жануарларын сәйкестендіру, сырғалау және таңбалау жүзеге асырылып, оларды арнайы орындарда жаю қамтамасыз етілуге тиіс», – дейді Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бүгінде әр өңірде иесіз малдарды уақытша қамайтын тұрақтар бар. Мұндай жоба мал иелерін тәртіпке шақырудан гөрі іздеген малдарын бір жерден оңай тауып алуға қолғабыс сияқты көрінеді. Қоғам белсенділері айыппұл мөлшерін арттырмаса, мал иелері бақташы жалдауға ұмтылмайтынын алға тартып отыр. Бұған Ішкі істер министрлігі не дер екен?
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<