Құрылыс нысандарының жобаларын қарау жөніндегі кеңестің кезекті отырысына Қармақшы ауданы өз жобаларын ұсынды. Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалығымен өткен кеңесте аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов 68 жобаны талқылауға салды. Қаралған мәселелердің маңыздылығы ескерілді. Ірі жобалар республикалық бюджеттен және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға жіберілетін болды. Ал, 5 ауылдық округке әкімдік ғимараттарын салу үшін сұралған қаржыға облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай мүлдем тыйым салынғанын жеткізді. Сондай-ақ, ауылдық клуб салуға облыстық бюджеттен қаражат қаралмайтынын айтты.
Сонымен қатар, Кеңес мүшелері жобаланатын объектілердің қуаттылығын, бөлінетін жер учаскелерін, техникалық шарттарды айқындау, жобаларды оңтайландыру және түзету жөнінде өз шешімдерін ортаға салды.
Жалпы, құрылыс нысандарының жобаларын қарау жөніндегі кеңесте әлеуметтік сала, жылу-энергетика кешенін, газдандыру, сумен жабдықтау объектілерін, автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары талқынады.
Айта кету керек, облыс бойынша 205 дайын жоба бар. Оларды іске асыруға 124 млрд теңге қажет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<