Қармақшы ауданында 26 813 гектарға егін егілді

425

0

Сурет ашық дереккөзден

Биыл Қармақшы ауданында 26 813 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде басты дақыл күріштің көлемі – 13 770 гектарды құрайды.

Осы жылғы вегетациялық кезеңге бөлінген су лимиті мен егілетін дақылдарды кезектестіру схемасына сәйкес, күріштің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 997 гектарға артық егілді. Ал әртараптандыру дақылдары 2 340 гектарға орналастырылды. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек хабарлады.

– Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы тікелей ауылшаруашылығына негізделген. Осы себепті жыл сайын егілетін егін көлеміне үлкен мән беріледі. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ауданымызда ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі – 2 млрд.899,5 млн.теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 102,1 пайызды құрады. Жалпы ауданда көктемгі дала жұмыстарының нәтижесінде 3854 гектарға – жаңа жоңышқа, 1050 гектарға – жаздық бидай, 1050 гектарға – мақсары, 50 гектарға – құмай, 40 гектарға – сүрлем жүгері, 3 гектарға – күнбағыс дақылы себілді. Сонымен қатар, осы жылы Жаңажол ауылдық округінде орналасқан «Жаңажол» ЖШС бес гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егіп, баптау үстінде. Бұдан бөлек, облыс әкімінің «тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуді қалыптастыру» тапсырмасы бойынша аудан тұрғындарына 392 гектар бақшалық жерлер дайындалып, 881 отбасыға бөлініп берілді, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.

Қармақшы ауданында мал шаруашылығы саласында да оң көрсеткіш қалыптасып келеді. Сәйкесінше, төрт-түлік мал басының өсім көрсеткіші орташа 6,0 пайызды құрайды. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара 5,6 пайызға, қой басы 6,6 пайызға, жылқы 11,1 пайызға, түйе 9,0 пайызға, құс 5,8 пайызға артты.

Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<