Кеше аудан әкімі Жандос Еркінбек Қармақшы ауылдық округінің халқымен кездесу өткізіп, биыл жүзеге асырылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат берді. Ауылда инфрақұрылым, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар аяқталып, жаңа бастамалар қолға алынуда.
Қызылорда облысында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Үлгілі елді мекен» конкурсында Қармақшы ауылы өткен жылы 15 млн теңге жеңіп алған болатын. Осы қаражат есебінен ауылдың орталық алаңы толық абаттандырылып, жұмыстар толық аяқталды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында Қармақшы ауылдық округінде 4 шақырымдық жасыл белдеу қоршалып, 800 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл жұмыстар ауылдың жасыл келбетін арттыруға үлес қосып отыр.
Елді мекенде мал шаруашылығын дамыту бағытында маңызды жұмыс жасалып отыр. Қараөзек арнасындағы «Қожатай» су тоспасы бөгелуде. Бұл жұмыс нәтижесінде Досымкөл, Қызылкөл, Жайынкөл, Тасқын, Кетебай-Масақ, Қаракөл-1, Қаракөл-2 және өзге де көлдерге су жеткізу мүмкіндігі артып, аймақта қолайлы экологиялық ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жиын барысында ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында көтерілген сұрақтарды тыңдап, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі






