Қармақшы ауданында «Төрлет, Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Топырағынан талай шайыр түлеген Қармақшы жері Жаңа жылды әуелеген ән-жырмен қарсы алып, театрландырылған көріністер қойылды. Алаңда қолөнер және тарихи жәдігерлер көрмесі жасақталып, ұлттық ойындардан сайыстар, қыз бен жігіт айтысы ұйымдастырылды.
Аймақ басшысы көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Биыл – еліміз, өңіріміз үшін мерейтойлар жылы! Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтеді.
Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы. Ұлыстың ұлы күніндегі игі тілектеріңіз қабыл болсын! Істеріңіз жемісті, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әз Наурыз құтты болсын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қармақшылықтарды Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
– Ұлыстың ұлы күні – достық пен ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мейрамы, халқымыздың бірлігі мен татулығының бастауы – Наурыз мерекесі Сыр жұртшылығына құтты болсын! – деді ол.
Кешкілік орталық алаңда гала-концерт өтіп, аудан жастарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Ақайдағы» жаңа кешен
Облыс әкімі Қармақшы ауданы «Ақай» ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты. Игілікті іс-шарада Сенат және Мәжіліс депутаттары зиялы қауым өкілдері бірге болып, аудан халқының қуанышты сәтін бөлісті.
Аймақ басшысы жиылған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, игі тілегін білдірді. Сөзінің барысында спорт кешендерінің көптеп бой көтеруі жас ұрпақты биіктерге ынталандыратынын, сондай-ақ жалпы халықтың салауатты өмір сүруіне ықпал ететінін атап өтті.
– Өңір тұрғындары спортты күнделікті өмір салтына айналдыру үшін осындай кешендердің саны артып келеді. Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион мамыр айында ел игілігіне табысталады. Жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена», денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады. Жыл басынан бері Қармақшы ауданының «ІІІ Интернационал», Дүр Оңғар елді мекендерінде, Сырдария ауданының «Бесарық» ауылында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Дәл осындай спорт кешені күні кеше Шиелі ауданының Жақаев ауылында пайдалануға берілсе, ертең Жалағаш ауданында іске қосылады, – деді облыс әкімі.
Тұрғындарды Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов құттықтап, Сыр елі жұртшылығына ырыс, ынтымақ, жаңа бастамаларға сәттілік тіледі.
Мерекелік салтанатта аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көрсеткіштерге, алда атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті. Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<