«AMANAT» партиясы алаңында «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асу барысы қорытындыланды. Үш жыл қатарынан халықтың қаржылық сауатын арттыру және азаматтардың несие жүктемесін азайту бағытында жұмыс жасап келе жатқан жобаның бүгін 2025 жылғы қорытындысы жасалып, онда қызылордалық команда үздіктер қатарынан көрінді.
Атап өту керек, жоба тұтас ел аумағында жүзеге асты. Биыл 860 мыңға жуық азамат оқудан өтіп, оларға кәсіби көмек көрсетілді. Оның 39 167-сі Сыр өңірі командасының жүйелі жұмысы нәтижесінде жүзеге асты.
Салтанатты шарада Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жобаға атсалысқандарға алғыс білдіріп, оның тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетудің тиімді құралына айналғанын атап өтті.
«Бүгінде «Қарызсыз қоғам» жобасы ауқымды пікірлестер тобын біріктіріп, бұл қадам азаматтарға кешенді көмек көрсетудің тұтас экожүйесін құруға мүмкіндік берді. Партия базасында республикалық колл-орталық іске қосылып, күн сайын 180 заңгер 5 мыңға жуық өтініш қабылдауда. Бұған қоса, qogamfin.kz цифрлық платформасы құрылып, WhatsApp және Telegram-да AI-боттар жұмыс істейді. Биыл ауылдар, шалғай елді мекендер тұрғындарымен тікелей кездесу өткізетін мобильді топтар жұмысын бастады», – деді Ерлан Жақанұлы.
Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға келсек, ақпан-мамыр айлары аралығында оқыту гибридті форматта (офлайн және онлайн) жүргізілді. Бұл кезеңде Қызылорда облысы бойынша 3 эксперт 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарды оқытып, жоба заңгерлерімен байланысу жұмыстарын үйлестірді. 1 маусымнан бастап жоба толық онлайн форматқа өтті. Қаржылық біліктілігін арттыруға ниетті азаматтарға онлайн платформада тегін оқыту сабақтары ұсынылды.
Негізгі басымдық азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдары алдында қалыптасқан қарыздары бойынша тегін заңгерлік, құқықтық көмек көрсетуге бағытталды.
Жалпы ағымдағы жылы Қызылорда облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 22800 азаматқа қызмет көрсету көзделсе, жоспар 172 пайызға орындалды.
Бұл жұмыстарға аудандар мен Байқоңыр және Қызылорда қаласындағы «Отбасын қолдау» орталығынан бір маман бекітіліп, арнайы оқытудан өткізілді. Олар жобаның CRM жүйесіне қосылып, тиімді жұмыс жүргізуде.
Елордада өткен іс-шара барысында жұмыс көрсеткіштері нәтижесімен Қызылорда облысының командасы үздік бестіктен танылып, жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешовке «Қарызсыз қоғам» жобасының аймақтық командасына берілген марапат табысталды.
Атап өтейік, жиынға бейне байланыс арқылы өңірлік команда мүшелері де қатысқан болатын.
«Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының өңірде нәтижелі жүзеге асуына қолдау көрсеткен барша әріптестерге партияның облыстық филиалы атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз.






