Қатар мемлекеті Қызылордадағы газ-электр станциясы құрылысына 800 млрд теңге инвестиция салады

297

0

Фото: ашық дереккөз

Осы жылдың 6-7 желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға іссапармен барып, Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөздер жүргізді. Екі тарап биылғы ақпан айында қол қойған құжаттардың қатарында «Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен «Power International Holding»-тің энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімдері бар.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Президенттің «Power International Holding» және Nebras Power компанияларының жетекшілерімен өткізген кездесулері туралы айтты.

– РІН «Самұрық Қазына» еншілес компанияларымен бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Олардың арасында «QazaqGaz» еншілес компаниясының екі газ құбыры және екі газ өңдеу зауыты бар. Біріншісі – «Ақтөбе-Қостанай» газ құбыры, келесісі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші тармағы. Екі жобаны 2026 жылы іске қосамыз.

Қуаттылығы 1 млрд текше метр газ өңдеу зауыты да 2026 жылы жұмыс істей бастайды. Екіншісінің қуаттылығы – 2,5 млрд текше метр,ол 2029 жылы пайдалануға беріледі.

Сонымен бірге «Самұрық Энергия» еншілес кәсіпорны мен РІН холдинг Қызылорда облысында қуаттылығы 1,1 ГБ газ-электр станциясын салуда. Бұл жобаны 2029 жылы аяқтаймыз, – деді басқарма төрағасы.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аса ауқымды жобаны өңірге орналастыру мақсатында Қызылорда облысының әкімдігі 280 гектар жер телімін резервке алғанын атап өтті. Оның 100 гектарына газ-электр станциясы салынады, қалған аумақ перспективалық жобаларды жүзеге асыру үшін белгіленген. Жаңа қондырғылар облысты электр энергиясымен толық қамтып, орталық және оңтүстік өңірлерге жіберуге мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен газ-электр станциясының құрылысы 2025 жылдың соңында басталып, 2028 жылдың аяғына қарай қолданысқа беріледі. Құны 800 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл – елге пайдасы өте зор, біздің облыстың дамуына жаңа серпін беретін жоба. Салыстырмалы түрде айтсақ, шыны зауытына тартылған инвестиция көлемі 42,1 млрд теңге болса, газ-электр станциясына 800 млрд теңге инвестиция салынады, – деді аймақ басшысы.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<