Қауіпті зиянкестермен кешенді күрес жүргізіледі

7

0

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің қызметіндегі басты бағыттардың бірі.

Комитеттің облыстық аумақтық инспекциясы өткен жылы сауда базарларына жүргізілген бақылау және қадағалау жұмысының нәтижесінде 147 заңбұзушылықты анықтап, базар иелеріне 12 млн теңгеден астам айыппұл салды. Ал биыл 9 айыппұл салынып, 865 мың теңге өндірілді. Аталған құрылым тарапынан былтыр 2895 фитосанитариялық сертификат беріліп, шетелдерге 127 мың тоннаға жуық және 922 мыңдай картон қорап, жүк түпқоймасы экспортталды. Жыл басынан бері 304 фитосанитариялық сертификат пен 1 есепке алу нөмірі табысталды.

Инспекция жұмысының тағы бір тармағы ауыл шаруашылығы алқап­тарының фитосанитариялық жай-күйін жақсартуға бағытталған. Ауыл шаруа­шылығында өсімдіктерді қорғау, зиянды, аса қауіпті зиянды жәндіктер мен карантиндік объек­тілерді бақылау әртүрлі әдіске негіз­делген іс-шаралар кешені ар­қылы жүзеге асырылады. Оның ішінде егінді таптап өтетін шегірткемен күрес жүйелі түрде жолға қойылған. Өңірде зиянкестің дәл осы үш түрі кеңінен тараған. Биыл Қызылорда облысында азиялық шегірткеге қарсы 33 350 гектар, италиялық прусқа қарсы 31 830 гектар, саяқ шегірткеге қарсы 55 540 гектар жер өңделеді.

– Өткен жылы мұндай жұмыс Арал, Қазалы аудандарында қар­қынды  жүргізілді. Ақтөбе облысымен шекаралас тұста жылдар бойы химиялық өңдеу көрмеген аумақтар болды. 33 мың гектар жерден өзіміз болжағандай италиялық прус шықты. Желді күндері жерді улау тиімсіз екен. Пестицид сумен араласып, кеуіп кетеді. Сондықтан авиация қызметіне жүгіну қажет болды. Химиялық өң­деу­ден өткен жерде зиянкес мүлдем жойылып кетпейді, 15 пайызынан дер­нәсіл өсіп шығады. Облыстағы өңде­летін жердің негізгі бөлігі сол­түс­тіктегі екі ауданда. Ал азиялық ше­гірткеге қарсы күрес іс-шаралары негізінен күріш шаруашылығына бейім­делген Жаңа­қорған, Шиелі, Сыр­­дария, Жалағаш ау­дандары мен Қызыл­орда қаласында ат­қарылады, – деді инспекция басшысы Мұхтар Оразбаев.

Өткен жылы азиялық шегірткеге қарсы 35 322 гектар, италиялық прусқа қарсы 35 360 гектар, саяқ шегірткеге қарсы 55 394 гектар жер уланды. Ерте көктемнен бас көтеретін қауіпті жәндіктен құтылуға қазірден қам жасалып жатыр. Осы бағытта облыс әкімі орынбасарының жетекшілігімен өңірлік штаб құрылды.

Былтыр облыс аума­ғында карантиндік объектілер жата­ған у кекіреге қарсы 91 гектар, қауын шыбынына қарсы 1750 гектар жерде республикалық бюджет қара­жаты есебінен химиялық өңдеу жұ­мысы жүргізілді. Калифорниялық қал­қанша сымырына қарсы 29,5 гек­тар, арамсояуға қарсы 526,15 гектар, жатаған у кекіреге қарсы 6,5 гектар жер толық залал­сыздандырылды. Зерттеу нәти­жесінде биыл да бұл бағыттағы жұмыс жал­ғасады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»