Жаз мезгілі басталысымен балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Өкінішке қарай, балалардың терезеден құлау фактілері ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруынан, терезелерде қорғаныс құралдарының болмауынан және балалардың терезе алдында ойнауынан туындап отыр. Осыған орай, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан бері 3000-ға жуық тұрғынға 20-дан астам түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық ТЖД Төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының бастығы Асхат Оразбеков мәлімдеді.
– Бүгінде балалардың қауіпсіздігі – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлерде балалардың ата-анасының қарауынсыз қалып, терезеден немесе балконнан құлап кету жағдайлары алаңдаушылық туғызып отыр. Мұндай оқиғалар көбінесе ересектердің немқұрайлығы мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан орын алады.Талдау көрсеткендей, балалардың терезеден құлау фактілерінің негізгі себептері – ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, терезелерде арнайы қорғаныс құралдарының, яғни блокираторлар мен бекіткіштердің болмауы, сондай-ақ балалардың терезе маңында ойнауы. Сонымен қатар, балалардың терезе алдына шығып кетпеуі үшін жиһаздарды терезе жанына қоймаған жөн. Ата-аналар балалармен қауіпсіздік тақырыбында тұрақты түрде әңгіме жүргізіп, үлкен балаларды кішілерге қамқор болуға үйретуі тиіс. Ең тиімді шаралардың бірі терезелерге арнайы блокираторлар орнату немесе тұтқаларына құлып қою, – деді Асхат Плалұлы.
Спикердің айтуынша, өңірде балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне, шағын маркеттер мен сауда орындарына ескерту парақтары ілініп, тұрғындармен түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, «Терезе» жедел алдын алу шарасы жүзеге асырылуда.






