Қазалыда нәзік жандыларға құрмет көрсетілді

682

0

Халықаралық әйелдер күні Қазалы ауданында сән-салтанатымен аталып өтті. Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысты.

«Әйелмен әлем әдемі» атты салтанатты шарада аудан әкімі нәзік жандылар қауымын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. «Елдіктің жүгін ер-азаматтармен бірдей арқалап, сан түрлі салада табысты еңбек етіп, тұрақтылықты нығайтуға, елдігімізді баянды етуге бірегей үлес қосып келесіздер. Бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің ұйытқысы болып отырған ардақты аналарымызға, апа-қарындастарымызға, барша қыз-келіншектерге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді аудан басшысы.

Қазалыда нәзік жандыларға құрмет көрсетілді

Шара барысында ауылдық жерлерден келген 80-90 жастағы қарт әжелерге арнайы құрмет көрсетілді. Аудан әкімі көп балалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады. Түрлі салада ер адамдармен иық тіресе жемісті еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында сауыншы, көше тазалықшысы, жол шебері, кран жүргізушісі, тігінші, азпазшы, теміржолшы сияқты түрлі салада еңбектерімен көзге түсіп жүрген қыз-келіншектер бар.

Сонымен қатар, еңбек ардагері, батыр ана Әби Бибісара мен білім беру саласының үздігі, зейнеткер Садық Гүлшатқа «Қазалы ауданының құрметті азаматы» төсбелгілері табысталды.

Мерекелік шарада аудан әкімінің арнайы шақыртуымен келген қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетті. Индира Елубаева, Гүлнұр Нұрасылова мен Ақжол Түменбай қазалылық нәзік жандылар құрметіне ән мен жырдан шашу шашып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Шара соңында барлық аналар мен қыз-келіншектерге аудан әкімінің мерекелік арнайы сыйлықтары таратылып, құрмет көрсетілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<