Қазалы ауданының даму жоспары қаралды

264

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қазалы ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңес өтті. Оған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, орынбасарлары және облыстық басқарма басшылары қатысты.

Аймақ басшысы Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өткен жылы байқалған оң динамиканы атап өтті.

«Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Қазалы ауданының өсу динамикасы тұрақты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 22,5 млрд. теңгені құрап, 107,5% болды, бюджет қаражатына тәуелділік төмендеген. Бюджет қаржысы 99,9% игерілген. Қазалы аудандар бөлінісінде 2-орынға тұрақтады. Өз кірісі 2022 жылы 2,1 млрд. теңге болса, 2023 жылы 2,6 млрд. теңгеге өскен. Жүйелі жұмыстардың қарқыны биыл да төмендемеуі тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

М.Оразбаев алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы баяндады. Ауданның 2024 жылғы бюджеті 11,1 млрд. теңге, оның 2,6 млрд. теңгесі – өз кірістері, қалған 8,5 млрд. теңгесі – субвенция және трансферттер. Қазалылықтардың өмір сүру сапасын арттырып, қолайлы орта қалыптастыру үшін биыл 17 нысанның құрылысы жаңадан басталады. Бұл жобаларға 2,3 млрд. теңге қаржы бөлінді.

Кеңесте облыстық басқарма басшылары ауданның даму жоспарына қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, негізгі экономикалық индикаторларға қол жеткізу, нысандар құрылысын салу, инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыға түсті.

Жиын қорытындысымен аудан әкіміне биылға межеленген көрсеткіштерді орындау тапсырылды. Тұрғындардың өтініш-пікірлеріне назар аударып, кері байланыс орнату қажеттігі ескертілді. Жобалардың тиімділігі мен маңыздылығы терең зерделенуі тиіс.

Сондай-ақ, облыстық басқарма басшыларына «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу және салу, инфрақұрылым желілерін әрі қарай дамыту бойынша міндеттер қойылды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<