Ел тарихындағы елеулі күнде жергілікті халықтың белсенділігі жоғары. Әсіресе, қазалылық ағайын дауыс беруге асығуда. Аудан бойынша 40 сайлау учаскесі халыққа қызмет көрсетуге сақадай сай. Оған 46 мыңнан астам тұрғын дауыс беруші ретінде тіркелген.
Айтпақшы, Қазалыда ең алғаш дауыс берген тұрғынның бірі Әли Досқожаев болды. Мұнан бөлек, әр ауылда бірінші дауыс берген азаматтарға сый-сияпат жасалды. Сондай-ақ, Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде тұратын егіздер Нұрғиса Қуантқанұлы мен Нұрғали Қуантқанұлы саяси науқанда өз таңдауын жасау үшін биыл да сайлау учаскесіне келді. Қос жігіт №61 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
– Бүгін Президент сайлауына келіп, еліміздің жарқын болашағы үшін, ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін, сондай-ақ еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін дауыс бердік. Әрбір саяси науқанды құр жібермейміз, міндетті түрде келіп дауыс береміз. Біздің жасаған таңдауымыз, берген дауысымыз елдің болашағы үшін маңызды, – дейді егіз азаматтарымыз.
Қазалы қаласындағы №66 сайлау учаскесінде үшемдер Дариға, Әлия, Динара Шәкірлер дауыс беруге келіп, өз таңдауларын жасады. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде орналасқан учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Арман Мусаев үшемдерге арнайы сый-сияпат тапсырды.
Қала тұрғындары үшін де бұл саяси дода ерекше сәттерімен есте қалатын болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<