Қазалылық диқандар күн жылынғаннан жер тырмалап, егін егуге дайындықты бастап кетті. Қазір шаруалар егістік жерді тазалау мен жер жыртуды аяқтап, тұқым себу жұмыстарын қолға алуда.
Бүгін ауданда алғашқы дән себу рәсіміне орай Бекарыстан би ауылындағы «РЗА Агро» ЖШС-нің егіс даласында «Дала күні» семинары өтті.
Алдымен аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, шаруашылық құрылым басшылары, ауылдық округ әкімдері, еңбек ардагерлерімен бірге алқапқа алғашқы дән сеуіп, дихандарға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, егіс алқабында салалық мекемелер және шаруашылық басшыларымен кездесіп, күріш егу жұмыстарының барысымен танысты.
Мұнан соң аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен семинар -кеңес өз жұмысын бастады. Онда аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов көктемгі егіске дайындық, «Қазалысушар» өндірістік учаскесі бастығының орынбасары Жанбай Садық егістікті суармалы сумен қамтамасыз ету, «РЗА Агро» ЖШС-нің директоры Нұрлан Имандосов шаруашылықтағы күріш егуге дайындық барысы туралы хабарлама жасады.
Аудан басшысы дихандарға күріш егу науқанын оңтайлы мерзім ішінде аяқтау үшін ұйымдастыру шараларына аса мән беріп, барлық агротехникалық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін тапсырды.
Семинар барысында аймақтың егін шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлерде айтылды. Сонымен қатар аудан әкімі жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, Қазалы ауданы бойынша биыл егілетін егіс көлемі 17,3 мың гектар болса оның 6200 гектар жеріне күріш дақылын орналастыру межеленген.
Қазалы ауданы әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<