Қазалыда алғашқы дән себілді

835

0

«Көктемнің бір күні жылға азық». Қазалылық дихандар күн жылынғаннан жер тырмалап, егін егуге дайындықты бастап кетті. Қазір шаруалар егістік жерді тазалау мен жер жыртуды аяқтап, тұқым себу жұмыстарын қолға алуда.

Бүгін ауданда алғашқы дән себу рәсіміне байланысты Аранды ауылдық округінде «Дала күні» семинары ұйымдастырылды.

Алдымен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, шаруашылық құрылым басшылары, ауылдық округ әкімдері, еңбек ардагерлерімен бірге алқапқа алғашқы дән сеуіп, дихандарға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, егіс алқабында салалық мекемелер және шаруашылық басшыларымен кездесіп, күріш егу жұмыстарының барысымен танысты.

Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен семинар -кеңес өз жұмысын бастады. Онда ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай көктемгі егіске дайындық, «Қазалысушар» өндірістік учаскесі бастығының орынбасары Нұрлан Әбілдаев егістікті суармалы сумен қамтамасыз ету, «Агро Өркен» ЖШС-нің директоры Медеу Есқожаев шаруашылықтағы күріш егуге дайындық барысы туралы хабарлама жасады.

Аудан басшысы дихандарға күріш егу науқанын оңтайлы мерзім ішінде аяқтау үшін ұйымдастыру шараларына аса мән беріп, барлық агротехникалық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін тапсырды.

Айта кетейік, Қазалы ауданы бойынша биыл 6738 гектар жерге күріш дақылын орналастыру межеленген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<