Қазалыда балалар жылы аясында даңқты қолбасшы Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлының жүлдесі үшін бокстан аудандық ашық турнир басталды.
Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесіне Қызылорда қаласы мен аудандарынан, Түркістан облысы және Өзбекстан Республикасынан келген командалар бақ сынап жатыр.
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев дүбірлі додаға арнайы барып, турнирдің ашылу салтанатына қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас боксшыларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң шаршы алаңға боксшылар көтеріліп, турнирдің көрігін қыздырды.
Айта кетейік, Қ:Пірімов ауылында өтіп жатқан бокстан аудандық ашық турнир маусым айының бесіне дейін жалғасады. Турнирде жеңіске жеткен былғары қолғап шеберлері бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<